Елдіктің белгісі – «Этноауыл»
Ақшаңқан киіз үйлер, ұлттық нақыштағы киімдер, ән салған өнерпаздар, алтыбақан маңындағы қыз-жігіттер. Ақ күмісті қақтаған шеберлер, былғарымен сырылған ер-тұрманды әшекейлеп, жүзік-сырға әрлеп отырған зергерлер. Бұл өнерлі жандардың барлығы да қостанайлықтар. «Пах!» дегізер осынау көріністерден бөлек, томағасы келіскен бүркіттердің, әр сыбдырға елеңдеген лашынның оқыс қимылдарына көз суара аласыз.
Аймақтың айтулы қолөнершілері де осы маңда жүр. Белгілі ағаш шебері Таңат Бажақовты кездестірдік.
– Ағашты қолға алғанда басыма не түрлі тың ойлар келеді. Мәселен, ағаш шынжырлы ожау, асүй сүлгісін ілетін ілгіш, гүл салатын құмыра – тың ойдың жемісі. Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретін-ді. Қазір осы қолсандық «Этноауылға» келушілердің сұранысына ие,–дейді ұста.
– Ағашты қолға алғанда басыма не түрлі тың ойлар келеді. Мәселен, ағаш шынжырлы ожау, асүй сүлгісін ілетін ілгіш, гүл салатын құмыра – тың ойдың жемісі. Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретін-ді. Қазір осы қолсандық «Этноауылға» келушілердің сұранысына ие,–дейді ұста.
«Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде қостанайлық жиырмаға жуық шеберлердің туындылары қойылған. Сондай-ақ, осы күндері өңірдің қала, аудандарынан барған шығармашылық ұжымдары астаналықтарға концерттік бағдарламалар ұсынуда. Жалпы, «Этноауыл» арқылы қала қонақтары мен тұрғындарына қазақтың салт-дәстүрлерін, мәдени құндылықтарын насихаттау көзделген.
Қостанай облысының күндері Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасты. Мұнда сүт, кондитер, шұжық, ұн, макарон және өзге де 100-ге жуық өнім түрлері қойылды. Өнімдер тауар өндірушілердің бағасымен сатылды. Айта кетейік, Қостанайдан 33 тонна ет, 90 тонна сүт, 52 тонна шұжық пен ет өнімдері, 57 тонна нан мен кондитерлік өнім, 200 мың дана жұмыртқа, 93 тонна ұн және басқа да азық-түлік түрлері әкелінген.
«Қазанатта» бар қызық!
Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған жоқ. Спорттық шаралардың алғашқы легі қазақ күресінен басталды. Облыс намысын арқалап келген Ерлан Омаров боз кілемде озық шықты. Ол жартылай финалда тәжірибелі Айбат Сейтенді ұпай санымен ұтты. Ал кім мықтыны анықтар тұста оған қазақ күресінен әлем чемпионы Мұхит Тұрсынов қарсылас атанды. Бір-бірін жақсы білетін білекті жігіттер алғашқы минутта аңдысып бақты. Алайда, әдіс жасар бір сәтте аяғын қайырып алған Мұхит Тұрсынов дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Осылайша, екі балуанның арасындағы текетірес науырзымдықтың пайдасына шешілді. Бәрекелді!Мұнан соң жамбы ату, асық ойындары және қыз қуудан көрсетілімдер өтті. Ендігі кезекте – ат жарысы. 2,5 мың шаршы метр аумақты қамтыған «Этноауылда» «Қазанат» ипподромы орналасқан. Аламанға асыққан ағайын сонда жиылды. Әуелі, тоқ бәйгенің тұлпарлары бастады. 15 айналымның соңғысында ғана қара үзген жамбылдық Елімбек Бұрғанақов мінген «Бақторы» иесіне автокөлік сыйлады. Екінші орынды «Баритон» мінген Арнұр Құрманжанов еншіледі. Ол бір миллион теңгені қанжығасына басты. Үштікте қостанайлық Оразғали Жүсіповтің тұлпары келді. Көп ұзамай аламан басталды. Барлығы 23 ат тіркелді. Оныншы айналымға дейін алдына арғымақ шығармаған «Үмітті» бас жүлде алады дегендер көп болды. Жеті жастағы бұл ағылшын торысы жиырмасыншы айналымда бәсеңдей бастады. Ал суырылып екі ат шықты. Бірі Қарағандыдан, ал екіншісі Қостанайдан әкелінген. 11 жасар Әлішер Рахмановтың «Таймас» атты сайгүлігі мәре сызығына жетер тұста озды. Аттың иесі – қарағандылық Нұрислам Өмірзақ. Оған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов JAC S3 автокөлігінің кілтін тапсырды. Екінші орын алған қостанайлық Сергей Үргенішбаев екі миллион теңге ұтты.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор.