Жарық жоқ, ақша ұрланған
Қала іргесіндегі "Садовод-Строитель" саяжай қоғамында үш ай бұрын басталған даулы мәселе шешімін табар емес. Мамыр айының тоғызында саяжайда трансформатор істен шығып, тұрғындар электр жарығынсыз қалған еді. Әзірге жарықсыз қалған жандардың жанайқайына құлақ асар ешкім жоқ. Сірә, саяжайды қысы-жазы паналап отырған балалы-шағалы отбасылардың жағдайы ешкімді алаңдатпаса керек.
Он үш отбасы аталмыш саяжайды қысы-жазы паналап отыр. Себебі, олардың басқа барар жер, басар тауы жоқ. Қаладан пәтер жалдау үшін бір адамның жалақысы аздық етеді. Мұндағылардың "қостанайлық" деген тұрақты-мекенжайлары болғанымен тұрмыстары қалалықтарға қарағанда жұпыны. Ыстық су, салқын суы былай тұрсын, электр жарығына зәру. Шаһардан баспана бұйырмай, сая-жайды мекендеген он үш отбасы мінекей, үш айдан бері тұрмыс тауқыметін тартуда.
Тұрғындарыдың айтуы бойынша, мамырдың тоғызында электр құ-рылғысы істен шыққан. Жаңасын алу үшін саяжай қоғамының басшысы тұрғындардың әрқайсысынан жиырма мың теңгеден ақша жинады. Әне-міне жарық қосады деп отырғанда, жинал-ған ақшаның ұрланғаны анықталды. Пәле бір айналдырса, шыр айналдырады деген осы болар. Енді, ақша да, жарық та жоқ. Бұл хабарды естіген жұртшылық өткен жексенбіде жиналып саяжай қоғамының төрайымына барды. Үш сағатқа созыл-ған жиналыста ешкім істің анық-қанығын біле алмады. Ақыр соңында саяжай тұрғындары "Тамыздың біріне дейін жарық қосылсын, не болмаса біз сотқа шағымданамыз" деген мағынада арыз жазып қол қойды. Аталмыш оқиға туралы "Садовод-Сторитель" қоғамының төрайымы Людмила Короткова тілшілерге жауап беруден бас тартты.
Айгүл Медебаева: саяжайдың күзетшісі:
– Оқиға шілде айының 20-нан 21-не қараған түні болды. Сол түні жаңбыр шелектеп құйды. Саяжай қоғамының кеңсесі қабырғалас үйде мен, күйеуім және қызыммен бірге түнедік. Үшеуміз де ешқандай дыбыс естімедік. Таңертең тұрсақ, ғимарат терезесінің жоғары жағындағы әйнегі (форточка) сынған екен. Ал, іште халықтан жиналған ақша бар болатын. Ақшаның қолды болғанына мен кінәлі емеспін. Себебі, басшылар сейфті, кассаны маған қағаз жүзінде тапсырмайды. Және ол жердегі есік-терезенің қандай екенін көрсеңіз. Тым ескі. Ауласындағы шарбақтың есігі жабылмайды да. Яғни, қауіпсіздік шараларының бірде-бірі жасалмаған. Менің бар кінәм ұйықтап қалғаным және сырттағы тырсылды естімегенім. Бір жылдан бері аталған саябақта күзетші болып жұмыс істеудемін. Мұндай оқиға алғаш рет болып отыр. Мен саяжайдағы МТМ, конторға жауап беремін. Ал, кассаға жауапты емеспін.
Валентин Енчин, зейнеткер:
– Алғашында трансформаторды сөндіріп тастады. Себебі, мұнда тұрып жатқандар тұрмыстық техниканы жиі пайдаланады. Оны трансформатор көтере алмайды деді. Артынша бәріміз электр жарығынсыз қалдық. Біз, елу шақты адам, 1 200 000-дай ақша жинадық. Әр қайсымыз жиырма мыңнан тапсырдық. Енді, міне, жиналған ақша жоқ, ұрланды деп отыр. Бұл қалай болғаны? Күзетшінің ұрлық болғанын білмей қалуы қалай? Қабырғалас бөлмеде жатып ештеңені естімедім дегені күлкіңді келтіреді. Енді, қайтадан ақша жинаңыздар дейді. Өзім зейнеткермін. Мен үшін тағы да жиырма мың беру оңай емес.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суреттерде: Саяжай тұрғындарының жексенбідегі жиналысы.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Қалаға тиіп тұрған жерде жарық болмаса алыс ауылдардағы ахуалға реніш айтып не керек. Өйтіп қала іргесінде тұрғанша ауылға ағылыңдар ағайын!
Қарапайым халықтың осындай мүшкіл халін көріп көңілің түседі. Көмек қолын созатын бір атқамінердің табылмағаны өкінішті- ақ. Әрине, қазіргі таңда біреу үшін екінші қолын ұшын да қимылдатпайды ғой. Алла жәрдемші болсын дегеннен басқа не айтамыз?! Жарықсыз өмір сүрудің қандай екенін білеміз. 1997 жылдары 3 жыл светсіз отырғанбыз ауылда.