Жаңбыр да жау

         Биылғы егіннің шығымы жақсы. Тек, жиі жауған жаңбыр дәннің пісіп-жетілуін тежеп тұр.  Шілде айында қостанайлықтар жауыннан көз ашқан жоқ. Әсіресе солтүстік аудандардың егіс алқаптарында ылғалдың мөлшері тиісті нормадан 2-2,5 есеге артық. Шамадан тыс түскен  ылғал астық ауруларының жаппай таралуына әкеліп соғуы мүмкін дейді мамандар. Қазірдің өзінде облыс бойынша 470 мың гектар алқапта септориоз, тат белгілері байқалған.  Өткен жылы  солтүстік аудандардағы кейбір алқаптардың 80 % аумағын ауру жайлаған еді. Соның салдарынан көптеген шаруа шығынға батты.егін
           Қазіргі таңда 230 мың гектар алқап   өңдеуден өтті. Жағдайдың күрделі екендігін жауапты мамандар да мойындап отыр.
          – Федоров, Қарабалық аудандарында суға бөккен жерлер көп. Ал Сарыкөл ауданында түскен ылғалдың мөлшері 80 мм-ден жоғары. Күн жылынған кезде тат, септориоз аурулары етек алып кете ме деген күдік жоқ емес, – дейді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.
          Соңғы зерттеу қорытындысы бойынша 75 %  алқаптың астық шығымына жақсы деген баға берілген. Алайда, күн сәулесі жетпегендіктен, олардың пісіп-жетілуі екі-үш аптаға кешеуілдеп жатыр.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓