Дархан батыр есімі – “Алтын кітапта”
Бүгін Қостанай облысының әкімдігінде "Жастардың Алтын кітабы" лауреаттарын марапаттады. Қызмет барысында қаза тапқан жас полицей Дархан Базарбаевтың есімі кітапқа "Жас батырлар" номинациясы бойынша енгізілді. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова марапатты оның ата-анасына табыстады.Биыл "Жас батырлар" номинациясында комиссия мүшелері бір ауыздан Дархан Серікұлы Базарбаевтың есімін даңқ кітабына енгізу шешімін қолдаған.
Марапаттаудан кейін батырдың ата-анасы Қостанай облысының Полиция департаментіне барды. Құрметті қонақтарды департамент бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев қарсы алды. Полиция полковнигі оларды осынау марапатпен құттықтап, материалдық көмек көрсетті.
"Дархан әрқашан ерліктің символы болып қалады. Дарханнің есімі Қазақстан полициясының тарихына мәңгі жазылды. Біз оның отбасына әрдайым жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, олар ведомствоның қамқорлығында", – деп атап өтті А.Ынтықбаев.
Дарханның әкесі Серік Базарбаев ұлына деген ықылас пен құрмет үшін барлығына алғысын білдірді."Дархан Базарбаевтың есімін әрбір қостанайлық біледі. Ол тек облыстың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Ол батырлық пен жанқиярлықтың үлгісіне айналды. Біз Дарханмен мақтанамыз және оның есімі осы кітапқа таңбалануға әбден лайық", – дейді "Алтын кітап" жобасының үйлестірушісі Болат Қалиев.
Естеріңізге сала кетейік, полиция қызметкері Дархан Базарбаев 2020 жылдың 19 қаңтарында бүкіл отбасын өлтіремін деп жанжал шығарған бұзақыны тоқтатпақ болып жүріп, байқаусыз пышақ жарақатын алған. Ол жарақатын басбұзарды ұстап, тыншытқаннан кейін байқаған, Дархан ауруханаға бара жатқан жолда қаза тапты. Президент Жарлығымен полицей қаза болғаннан кейін "ІІІ дәрежелі Айбын" орденімен марапатталды.