Көрме жұмысының айлық қорытындысы
Миллионыншы мейман
10 маусым мен 10 шілде аралығында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне келушілерінің саны 921 293 адамға жетті. Жақында көрменің миллионыншы келушісінің есімі белгілі болды. Ол – Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны Гүлжихан Жаңабергенова. Мейманды құттықтау үшін көрменің медиа-орталығына «ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов те келді. Ұлттық компанияның басшысы миллионыншы келушімен жүздесіп, оған көрмеге және Цирк дю Солей қойылымына арналған билеттерді тарту етті. Ахметжан Есімов өз құттықтау сөзінде халықтың көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын тағы бір мәрте атап өтті.
– Біз жоспар бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз және барлығы ойдағыдай өткізілуде. Бүгінде 1 миллионыншы келуші тіркелді, бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Негізі «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысы барысында 2 млн келуші тіркеледі деп жоспарлаған едік. Дегенмен, бір ай ғана өтті, біз осы уақыт ішінде 1 миллионыншы келушіні қарсы алудамыз. Осындай ауқымды жоба өткізіп отырған соң, бірінші кезекте, қазақстандықтардың көңілінен шығып жатыр ма деп алаңдаймыз. Көрмеге елдің қызығушылығы артып келе жатқанына қуаныштымыз,-деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Көрменің ресми сайты (https://expo2017astana.com/) таратқан дерекке сенсек, кешенінің негізгі нысандарына 834 579 адам барған. Жалпы санақ бойынша көрмеге келушілердің 14%-ы немесе 130 мың адам – шетелдік азаматтар. Бір ай ішінде 160 мың адам көрмеге жеңілдіктер арқылы кірген. Бұл тізімге мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және 6 жасқа дейінгі балалар мен мүгедектер, ҰОС ардагерлері жатады. Ең ауқымды келушілер санын «Нұр-Әлем» павильоны жинаған. Оған 303 007 адам кірген. Әлемнің 115 мемлекеті қатысып жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты символы – осы «Нұр Әлем» павильоны. Ол – әлемдегі сфера пішіндегі жалғыз алып ғимарат. Оның диаметрі – 80, ал биіктігі – 100 метр. Павильонда ересектер мен балаларға арналған танымдық экспозициялар өте көп. Тек «сфераны» аралауға жарты күніңіз кетеді.
Сонымен қатар, 1031 мәдени ойын-сауық және іскерлік іс-шара, ел басшыларының, министрлер мен халықаралық павильон комиссарларының қатысуымен барлығы 84 ресми жиын өткізілді.
Ұлттық күндер жалғасуда
Халықаралық көрменің ресми ашылу салтанатының өткеніне – төрт апта. Қатысушы әр ел өзінің Ұлттық күнін өткізіп келеді. Көрме аумағындағы келушілер арасында кең танымалдылыққа ие Корея Павильоны K-POP «K-Culture Party» концертін өткізетінін еске салайық. Ұлттық күн қарсаңында екіжақты мәдени алмасудың нығаюына септігін тигізетін Корея мәдениетін көрсету күндері жоспарланып отыр. Концерт кезінде Қазақстанда танымал AOA, B1A4, Highlight кәріс топтары ән салады.
Корея Павильонының директоры Бён Йонг Соп көрсеткендей, бұл шара Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуына 25 жыл толуына байланысты ұйымдастырылып отыр. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесінде Корея Павильоны күллі әлемге болашақтың энергетикалық технологияларын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар мәдени шараларды өткізу арқылы екі елдің арасында мәдениет саласындағы қарым-қатынастарының нығаюына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Көрме алаңында Әзірбайжан халқының Ұлттық күні өтті. Әзірбайжан мен Қазақстанды берік достық пен сыйластыққа сүйенген тарихи сенімді қарым-қатынастар тұтастандырады. Сол елдің вице-президентінің бірінші көмекшісі Анар Алакбаров мырза айтқандай, бұл – стратегиялық әріптестік.
– Әзірбайжан Республикасы орасан оқиға – осынау көрмеге қатысуға ерекше мән береді. Бұл көрме сан алуан елдің халқын біртұтас және игі мақсатпен біріктіріп отыр. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінгі күннің талаптарына толықтай сай және баршаға түсінікті. Балама энергия көзін өңдеу мәселесі қазіргі таңда халықты алаңдататын сауал, – деді ол.
Өз кезегінде ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Әзірбайжан «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығы туралы жариялаған елдердің алдыңғы қатарында болғанын айтып өтті.
– Әзірбайжан ішімен өтетін кавказдық бағыт бізге Европалық нарыққа шығудың кепілі болады. Қазақстан Әзірбайжанға Орталық Азия мен Қытайға жол ашып отыр. Біз ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында әлем көрменің мұрасымен шабыттанып, алға қарай жүру ұмтылысын арттырады деп үміттенеміз, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, Латвия Республикасының Ұлттық күні де аталып өтті. Мерекелік жиынды Латвия мемлкетінің Президенті Раймондс Вейонис құттықтау сөзімен ашты. Салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин, «ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және басқа да ресми өкілдер қатысты.
Өз сөзінде Латвия Республикасының Президенті Раймондс Вейонис ЭКСПО-2017 Көрмесін ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын білдірді.
– ЭКСПО-2017 Қазақстанның заманауи әлемдегі рөлін тағы бір айшықтады. Латвияның ЭКСПО-ға қатысуы біздің ел үшін маңызды оқиға. Бұл халықаралық шара Латвияны әлемге танытқысы келетін және елде қалған барлық біздің кәсіпорындарымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады,- деді Раймондс Вейонис.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Латвия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл 25 жыл толатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы транзиттік мүмкіндіктерге де тоқталды.
Ұлттық күн аясында Латвия мемлекетінің көпдауысты музыканттары арнайы концерттік бағдарлама дайындап, ел мәдениетімен таныстырды. Атап айтсақ, джаз стилідегі әнші, музыкант және композитор Интарс Бусулис, танымал квинтент Марис Бриежкалнс пен аты аңызға айналған маэстро Раймонд Паулс халыққа өз өнерін тарту етті.
Буркина-Фасоның Ұлттық күні де жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бұл мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясының комитет басшысы Майнюра Мурзамадиева және Буркина-Фасо экспорт жарнамалау агенттігінің экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Исса Бенджамин Багуян қатысты.
Буркина-Фасоның Ұлттық күніне орай, осы елдің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетілді. Көрмеге қатысушылар «Бабаджанның Балафон труппасы» қойылымын тамашалай алды. Аталмыш танымал топ джембе, балафон, бендре және кора секілді түрлі дәстүрлі аспаптарда ойнайды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарына тағы бір сыйлық жасалды. Бұл – әлемдік деңгейдегі «Ритц-Карлтон» қонақ үйі. Оның құрылысына сапалы технологиялар мен стандарттар қолданылып, қысқа мерзім ішінде бой көтерді. Бұл – қала инфрақұрылымына салынған зор инвестиция.
Әзірлеген Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Ақпарат https://expo2017astana.com/ ресми сайтынан алынды