БАҒА БАҒЫНБАЙ БАРАДЫ

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы 17,4%-ға көтерілген.  Елімізде пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабат бағасы қатты өскен. Ал тауық жұмыртқасы сәл арзандаған. 

Өңірлерге жеке тоқталар болсақ, азық-түлік Жетісу және Жамбыл облыстарында (19%), Алматы, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында (18,9%), сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында (18,6%) қымбаттаған. Қостанай облысы – Үкімет түзген тізімнің бел ортасында. Тобыл өңірінде де баға шарықтау шегіне жеткен. Әсіресе, пияз, сәбіз, картоп, қарақұмық, ұн және ұн өнімдері қымбаттаған. Ал, қант мүлдем қат.

Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов арнайы кеңес өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жиында бағаны тежеу жолдары, инвестициялар тарту және өңірлердегі өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу мәселелері қаралды.

Премьер-Министр әлсіз контрактация пияз бен басқа да көкөніс бағасының өсуіне әкелетінін атап өтті. Мәселен, пияз бағасы Қызылорда облысында және Шымкент қаласында ең көп өскен.

Әлихан Смайылов «айналым схемасы» шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бойынша жұмысты жандандыруды, тұрақтандыру қорларының толықтырылуын қамтамасыз етуді және бөлшек сауда үстемесіне мониторинг жүргізуді тапсырды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне көтерме жеткізушілердің бағалық сөз байласу және бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін бақылауды күшейту, Қаржылық мониторинг агенттігіне заңсыз қант сатушылардың қызметтерінің жолын кесу, оның ішінде әлеуметтік желілер мен жарнамалық қосымшалар арқылы сатуды болдырмау, сондай-ақ қант жеткізу арналарын бақылауға алу тапсырылды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікпен қамтамасыз етуге талдау жүргізіп, импорттың қажетті көлемін айқындап, өзімізде өнім өндіруді ұлғайту бойынша қосымша шаралар қабылдауы қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓