Қызметкерге – құрмет
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін тойлауда. Осы жылдың 13 шілдесі күні комитеттің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Атаулы дата қарсаңында күштік құрылым мерекелік іс-шара өткізді. Алдымен, облыстық филармонияның сахнасында жиылғандарға мерекелік бейнефильм ұсынылды. Атақты МКС-51 экипажының құрамы Федор Юрчихин мен Олег Новицкий экран арқылы құттықтауларын жеткізді.
Мұнан соң ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің құттықтау хаты оқылды.
«Қазіргі таңда ҰҚК-нің деңгейі өсіп, беделі артқанын сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарының өзіндік дербес негіздері мен құндылықтары қалыптасты. Олар Отанымызға, халық пен Қазақстан Президентіне адал қызмет етуге кәсіби тұрғыда дайын. Бұл өз кезегінде ҰҚҚ қызметкерлерінің кәсібилігін сипаттайды әрі қабілет-қарымын көрсетеді. Біз 25 жылдық тарихымызбен, сондай-ақ, қалыптасқан дәстүрімізбен мақтанамыз» – делінген хатта.
– Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті – кез келген қатер мен сынаққа шұғыл жауап бере алатын икемді, әрі жоғары білікті арнайы қызмет. Осынау 25 жыл даму мен қалыптасудың, тұрақты жетілудің жылдарына айналды. Комитет құрылымындағы барлық өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалмен тығыз байланысты болды. Әкімшілік тарапынан ҰҚК қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Биылдың өзінде қызметтік көлік алу үшін 91 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек Лисаковта 160 млн теңгеге жаңа ғимарат салынбақ, – деді облыс әкімі.
Қостанай облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Жанқозы Қадырбеков «ҚР ҰҚК 25 жылдығы» медалін облыс әкіміне берді. Сондай-ақ, мұндай марапатқа Сайлаубек Ещанов, Марат Қайбжанов, Ғауез Нұрмұхамбетов сияқты облысқа танымал тұлғалар ие болды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздармен қатар, қарағандылық белгілі әнші Марат Бекішев те қостанайлықтарды құттықтай келіпті.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков