Электронды оқулық жасалды
Қостанай полицейлері «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығымен бірлесіп, «Орта мектеп мұғалімдеріне арналған ЖЖЕ бойынша цифрлық ресурс» инновациялық жобасын таныстырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" Қостанай облысының ішкі істер департаментіне сілтеме жасап. Енді жолда жүру ережесін электронды оқулық көмегімен үйретуге болады. Оны мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да қолдана алады.
Жоба авторларының бірі «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының Қостанайдағы филиалының директоры Марионелла Слесарь аталған ресурстың инновациялық екенін атап өтті. Бұдан былай жолда жүру ережесі балаларға қызықты әдіспен үйретіледі.
Бұл құрылғыға Қостанай облысы ІІД Жергілікті полиция қызметі қолдау білдіріп, оны оқу процесіне енгізуде көмектесетін болды. Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Нығмет Исмағұлов аталған жобаның балалардың жолда жарақаттану санын азайтып, барлық жолда жүру қатысушыларын қауіпсіздікке үйрететінін атап өтті.
Қазіргі уақытта қазақ және орыс тілдерінде буклет шығарылды, оған қосымша бағдарламасы бар дискілер тіркелген. Алдағы уақытта бұл электронды оқулықтар Қостанай облысының ғана емес, республика мектептеріне таратылады. Сондай-ақ, оны «Өрлеу» орталығының сайтынан жүктеп алуға болады.