Гүлім кірпіш құюды қолға алды
Аманкелді ауданының кәсіпкер жастары қолда барды қанағат етіп, тоқмейілсіп отырған жоқ. Шамалары келгенше бақтарын сынап, кәсіптерін көп салалы етуге ұмтылуда. Солардың бірі – кәсіпкер Гүлім Манарбеккеліні. Ол өткен жылы Аманкелді селосының орталығынан асхана ашып, кәсібін бастаған болатын. Міне, жылға жетпей жатып, Гүлім биылғы сәуір айында Ресейдің Алтай өлкесінің орталығы Барнауыл қаласына барып, кірпіш өңдеу құрылғысын алу үшін осы зауыт басшыларымен кездесіп, бірнеше күн болып, техниканың жұмыс барысымен танысып, игеріп алған соң келісім-шарт жасасты. Нәтижесінде, олар кірпіш өңдеу құрылғысын Аманкелдіге дейін әкеліп берді. Құрылғы бір ай көлемінде келді. Әкелуі бар, орнатуы бар, барыс-келіс жолы бар – барлығы 1 миллион теңге жұмсалды. Әрине, Барнауылға Петропавл-Барнауыл пойызы арқылы барды. Гүлімнің бұл бастамасына көрші-көлем қайран қалысты.
Гүлім қолынан іс келетін жастарды іздестірді. Алғашқы тапқан адамы ауданымызда біраздан бері құрылыс салумен айналысып жүрген Шалқар Оспанов деген жігіт болды. Шалқарды бригадир етіп тағайындады. Оның қарамағына 4 жұмысшы алды. Сөйтіп, олар Барнауылдан келген зауыт технологтарымен бірге құрылғыны орнатып, оның қалай жұмыс істейтінін меңгеріп алды. Ақыры ұзындығы – 60, ені – 20, биіктігі – 30 сантиметр тұратын газоблок кірпіш құя бастады. Бұл кірпіштердің бағасы қымбат емес. Мұндай кірпіштің 1 текше метрін Қостанай қаласынан 17 000 теңгеге алуға болады. Ал Гүлімнің Аманкелдіде жасалған 1 текше метр кірпішке қойып отырған бағасы – 18 500 теңге. Бәлендей айырмашылық жоқ. 1 текше метрде 27 кірпіш болады. Кірпішті құйғаннан кейін 10 сағаттай 40 градустық жылыжайда ұстайды. Одан соң 6 сағат бойы 60 градустық жылыжайда кептіреді. Осылайша олар күніне 4 текше метр кірпіш шығарады. Оларды үлкен қоймада сақтауда.
Құм Қарынсалды ауылдық округінен әкелінеді. Мұнда газоблок кірпіш шығаруға қолайлы, сапалы құм бар. Одан басқа жердің құмы мұндай кірпіш шығаруға келмейді.
Шалқар бастаған Бауыржан Сейдалин, Мейрамбек Әбікәров, Дауылпаз Бөрібаев, Әділхан Уайсов қостаған құрылысшы азаматтар жасап шығарған кірпішті алушылар баршылық. Олардың қатары күн сайын арта түсуде. Мысалы аудан орталығынан өзіне тұрғын үй салып жатқан Руслан деген азамат Гүлімнің бригадасы шығарып жатқан кірпіштерді сатып алып, пайдалануда. Сол секілді басқа да азаматтар тапсырыс беріп жатыр.
Біз кірпіш өңдеу құрылғысының жұмысымен танысып болған соң Гүлімге жолығып, пікірлестік.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір ауданымызда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде 20-дан астам жеке адамдар өздеріне үлкен үй салуда. Жалпы, былтырдан бері жаңа типтегі жеке меншік тұрғын үйлер салушылар қатары көбейе бастады. Осыны ескеріп, біз үлкен қалалардағыдай қазіргі заман талабына сай кірпіш құюды ойластырдық. Ақыры қаражатымызды жинап, әуелі кірпіш құю құрылғысын сатып алдық. Сонан соң онда жұмыс істейтін маман құрылысшыларды іздестірдік. Оларды Барнауылдан келген мамандар бір апта оқытып, техникамен жұмыс істеуді үйретті. Құрылғы тұрған мекен-жай асханамның жанында. Кесек құюшылардың жұмысын жіті бақылап тұрамын. Беталысымыз жаман емес. Ең бастысы, сұраныс бар. Сұраныс болғаннан кейін жұмысқа деген ынта артатыны белгілі. Қарауымдағы жұмысшыларға еңбекақыларын ай сайын төлеп отырамын. Ең бастысы, біз шығарып жатқан кірпіштердің бағасы көңілге қонымды. Тұтынушылар үй және басқа да құрылыстарды салуға қажетті кірпіштерді сабылып Қостанайдан немесе басқа қалалардан іздеп жатпайды. Біздің қоймамыздан сатып алып кете береді. Шығынын есептеп көрсек, бұл кірпіштерді арзан деуге болады. Егер осындай кірпіштерді 420 шақырым жердегі Қостанай қаласынан таситын болса, қыруар шығынға түсер еді. Біздің қойып отырған бағамыз екі жаққа да тиімді. Сондықтан мен жүрген жерімде құрылыс салушыларды біздің кірпішімізді алуға шақырамын. Әрине, біздің құрылысшыларымыз әбден төселіп кеткен деуден аулақпын. Білімімізді, тәжірибемізді жетілдіретін тұстарымыз бар. Қай шаруада болмасын, шеберлік пен тәжірибе жұмыс барысында жинақталады. Алғашқыдай емес, қазіргі күні кірпіш құюшы бригада мүшелері өз кәсіптерін жете меңгеріп қалды. Олар алдағы уақытта мамандықтарын одан әрі жетілдіре түседі деген ойдамын, -дейді Гүлім.
Гүлімнің асханасы да бүгінде сапалы жұмыс істеп тұр. Аудан халқы келімді-кетімді қонақтар асхананың жұмысына риза. Өйткені онда тағамдар тіл үйірерліктей сапалы әзірленеді.
Гүлімнің кірпіш құю цехы да аудан халқына өзінің мол пайдасын келтіреріне сенім артуға болады.
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
Аманкелді ауданы