Ақын. Ана. Аңыз

Дала берді бұла күш, дарын маған,
Далада өтті жастығым жалындаған.
Адалдарға еcігім ашық менің,
Пейілім бар даладай тарылмаған.
Бұл – халық ақыны Әсия Беркенованың өлеңінен үзінді. Бойындағы дарынын  туған даласының дамуына арнап келе жатқан ақын 70 жасқа толды.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде ел еңсесін тіктеуге, ұлттық рухты көтеруге үлес қосқандардың алдыңғы қатарында Әсия Әйіпқызының тұрғаны сөзсіз. Елдегі төтенше жағдайдың салдарынан «Айтыс аққуын» мерейжасымен телефон арқылы құттықтадық. Лебіз сұхбатқа жалғасты.
94016952_993480767734059_7277269703033094144_n
– 70 жас мерейтойыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Жалпы жетпіс жас шығармашылық адамы үшін өзіңе есеп беретін, халық игілігіне кеткен қызметке көз жүгіртер сәт емес пе?
– Рахмет, балам! Әрине ел алдында есебім болады деп сенемін. Алла сол күнге аман-есен жеткізсін. Төтеден келген мына індетті еңсерсек, талай тойлар өтеді.
– Әсия апай, жазба өлеңдеріңіздің дені туған жерге, өскен өңірге арналады. Балалық шағыңызға шегініп көрейікші. Домбыраны алғаш ұстаған кезіңіз есіңізде болар.
– Менің балалық шағым Ноғайкөл деген шағын ауылда өтті. Нағашы атам Жұмағали өте өнерлі кісі еді. Домбырашы, ұсталығы да бар. Атамның сол кездері айтқан әндерін осы күні еш жерден естімеппін. Мәселен, «Қалқа» деген керемет әнді бүгінде ешкім орындамайды. Атам кешкі шай ішіліп, қазандағы ет піскенше «Арынғазы», «Қосалқа», «Келіншек»  сияқты толып жатқан күйлерді тартып, ән айтып отыратын. «Батырлар жыры», «Қырық қыз» деген эпостарды кәдімгідей түн ауғанша тыңдайтынбыз. Ол кезде ауылда түнгі 12-ге дейін электр жарығы жанып тұрады. Атам маған сол жарық сөнгенше батырлар жырын оқытатын. Мені жүгіртіп, мәнерлеп, нақышына келтіріп өлең немесе қара сөз оқуға үйреткен мекептегі мұғалімдерден емес, үйдегі ата-әжем еді. Мені кішкентай кезімнен домбыраға қызықтырған да атам. Домбыра құлағына ағаштан ойып жасаған ортекелерін іліп, күй тартады. Сондағы көріністі айтсаңшы. Ортекелердің биіне қарап, домбыраға қатты қызықтым. Сөйтіп, атамның соңынан қалмай үйреніп алдым. Қазақта баланың басына жастап қояды ғой. Әжем сол ырымды жасайтын. Таңертең тұрғанда алдымен бас жағымдағы домбыраны көремін.
– Ер мінезіңіз бар, ойыңыздағыны бүкпесіз, тура айтасыз. Бұл да ата-әженің өнегесі шығар?
– Менің анам 14 баладан қалған жалғыз, ал мен – анамның жалғызымын. Бала кезімде ауыл адамдары бетімнен қағып көрген жоқ.Мүмкін сол жалғыздығымды аяған болар. Бәлкім, өзімнің де сүйкімсіз болмағаным шығар. Беттен қақпаған соң ойымды тіке айта салу менің табиғи мінезім болып қалыптасты. Атам мен әжем өте сабырлы еді. Атам да турасын айтатын, кішілердің нағыз ақылшысы. Ал әжемнің әйел болып өсек айтып, біреуді сыртынан сыбап отырғанын көрмедім.
– Марқұм Жанділдә Қожахметұлы: «Әсия апайың – нағыз әнші. Оның даусы дегенің керемет. Ақындығы басымдау болып кеткен, әйтпесе, дайын тұрған әнші болатын», – деген еді. Расымен де, ән айтатыныңызды білмеппіз, апай?
– Анам Ақтас та той-думандарда өзінше қоңыр дауыста ән салатын. Атамның қарындасы Алтынбас апам да домбырашы болды. Менің нағашы атамның нағашысы – Ахмет Байтұрсыновтың апасы Ақкенже. Яғни, Ахаң – менің түп нағашым. Осындай ортада өісп, ән салмау мүмкін емес қой. Кішкене кезден өнерге құмар болдым: ән салдым, сырнай да тарттым. Ал өз атам Кәкімжан ақын, өлеңші адам. Әрі тігін шебері болған. Ішік, тымақ сияқты күнделікті тұрмыста қажетті киімдер атамның қолынан шығатын. Ол туралы 102 жасқа келген Қабсәбит Нүрсейітов атамыз кітабында жазған. Ән салуды Әулиекөл орта мектебінде оқып жүрген кезде ұстазым Сағындық Досмағанбетов ағаның жетекшілігімен домбыраға қосып жүрдім. Ал институтта «Айгүл» ансамблінде ән салдым. Жалпы менің балалық арманым әнші болу еді, бірақ ата-анам консерваторияга жібермеді. Бұл енді басқа әңгіме.
93856680_2930978186996156_2431939319129178112_o
–  Айтыс сахнасына қалай келдіңіз? Қателеспесем, алғаш 1980 жылғы Алматыда өткен аламан айтыста жарқырап бір көріндіңіз. Үлкен айтыстағы жолыңыз осыдан басталды-ау деймін.
– Алматыда өткен сол республикалық айтыстан кейін жер-жерде айтысқа деген үлкен бір құлшыныс, серпін пайда болды. Жолбарыс Баязит, Ғұмар Ахметшин, Ақылбек Шаяхмет сынды белгілі қаламгерлер бастап, сол кезде аудандарда айтыс өткізе бастады. Науырзым ауданында айтыста мен  Қасымхан Алдабергеновпен шықтым. Одан кейін облыстық айтыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрдім. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа бардым. Ол кезде қазіргіден бірден республика сахнасына шыға алмайсың. Менің айтыстағы алғашқы қадамдарым осылай басталды.
– Қазір ел арасында айтысқа байланысты күңкіл көп. «Айтысқа келісіп шығады екен», «Алтын домбыраны» кезекпен алады» сынды әңгімелер жүр. Алып-қашпа сөздер ме? Әлде қалай? «Бір кебісті бір кебіске соқпасақ» отыра алмайтын қазақпыз ғой. Жалпы айтыс шоу бизнеске айналып барады деушілерге не дейсіз?
– Қазіргі айтыскерлер бізден кейінгі үшінші толқын. Біз айтыстың жандану кезеңінің өкілдеріміз. Қазақ айтысының табиғатын сақтап сөз қағыстырдық. Бізден кейін айтысты толғау термемен әрлегендер келді. Олар өткен ғасырдағы жыраулардың шешендік сөздерін пайдаланып, шекпенін өзгертіп өре білді. Бұрындары Тәушан апамыз сахнаға шығар алдында ыңылдап дайындалып отыратын. Қатимолла Бердіғалиев те керемет айтыстар жасады. Олардың бір-бірімен келісіп жатқанын көрмедім. Біз айтысқанда қарсыласың не айтады екен деп елеңдеуші едік. Айтыстың мәні – табан астында сөз тауып кету ғой, сонда ғана шын мықты анықталады. Ал бүгінгі айтыстың күңкілі туралы ештеңе айта алмаймын. Яғни, ақындардың келісіп айтысқанын көзіммен көрмеген соң, дөп басып, «мынау былай екен» дегім келмейді. 
– Шыны керек, сіздер сахнадан кеткен соң өңір айтысын Айбек Қалиев қана сүйреп жүр. Бұған не себеп? Біреуді кінәлаудан аулақпыз, дегенмен, Қостанайдың ақындық мектебі қалыптаспады ма?
– Біздің Қостанай-Торғай ақындары әлі үлкен сахналарға шыға алмай жүр. Шынында, елдің намысын қорғап жүрген Айбек қана. Үлкен сахна ел артқан сенімнің салмағын арттырады. Әйтпесе Салтанат, Медет, Батырландардың Жүрсіннің жүйріктеріне қосылатын кездері келді. Олар менің балаларымдай, тек жақсылық тілеп отырамын. Қысқасы, Қостанай облысында айтыс үрдісі әлі қалыптасқан жоқ, әркім өз тұздығында.
– Аламан айтыстарда айтқандарыңыз бір бөлек, жазба поэзияңыз бір төбе. Көңіл түпкіріндегі сүйініш-күйініштеріңіз ақ қағазға лирика болып төгіліп жатады. Қайсысына басымдық бересіз деп сұрау орынсыз шығар. Дегенмен, қазір тақпақты поэзия деп, арнаушыны ақын қылып, шатастырып жүргендер жетерлік қой.
– Жазба поэзия дейсің бе? Өзімді жазба ақынмын дей алмаймын. Рас, көңілге келген ойларымды өлеңмен өрнектейтінім бар. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» қылғандарды қолдамаймын.
– Қоғамдағы беріш боп қатқан бітеу жаралар ең алдымен ақынның жүрегіне сызат түсіреді. Қазір Қостанай, қай жағынан болсын, еліміздің ең алдыңғы қатарлы өңірлерінің бірі саналады. Ақын сезімтал, көргіш келеді ғой. Сіздіңше, біздің өңірде не жетпей, не ескерілмей жатыр? Не ойлантады?
– Тобыл өңірі қазіргі әкім Архимед Бегежанұлы келгелі өте күрделі де кемел өзгерістерге толы. Қаншама отбасы баспанаға ие болып, аналар қолдау көріп , қамқорлыққа жетіп жатыр. Қаламыз танымастай өзгеріп, аудандардың тыныс-тіршілігі заманауи қалыпқа келіп қалды. Ақын елдің көз-құлағы ғой, ел басшысына риза. Ұлтының қамын емес, ұртының қамын ойлайтындардың талайы көз алдымыздан өтті ғой. Бір өлеңімде былай деп едім:
Еңкеймей қара кемпір, қара шалдай,
Шарықтай берем деме, дара самғай.
Биліктің баспалдағын тауысқанда,
Тарихта қалу парыз аласармай.
Өңірімізде орны үңірейіп тұрған проблемалар жоқ сияқты. Ал тұтас ел түгілі, бір үйдің шаруасы күнде жалғасады ғой. Қолға алатын істер болса, әкімнің назарында шығар деймін, кезегі келгенде шешілер. Тек игілікті істер үзілмесін!
img_1516
– Әсия – өнер ұстазы. Ахаң университеті жанынан құрылған «Өнер студиясы» – жастар шығармашылығын шыңдайтын нағыз мектеп. Бүгінде есімдері республикаға танымал талай таланттар сіздің біліміңіз арқылы жол ашты. Студияның бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
– Ахаң атындағы университетке 2000 жылы марқұм ағамыз, өнер жанашыры Зұлхарнай Алдамжардың шақыруымен келдім. Ақындар сыныбын аштық әуелі. Дархан Әбдуахит, Гаухар Төлекбай, Заңғар Санай, Әлия Сапарова, Мешіт Ғазиздер алғашқы түлектері еді. 2004 жылы пединститут бөлініп шыққан соң ректор Құсайын Хасенұлымен келісіп, «Өнер студиясын» аштым. Ол кісі маган сенім артып, аспаптар сатып алып, ұлттық киімдер тіктіртіп,  қолдау көрсетті. Сол студияға биыл 20 жыл толды. Талай жастың өнерін ұштап, қанатын қатайттық. Көбі әлі күнге дейін алғысын айтып жүреді. Негізі мен алдыма келген шәкірттерімді өнерге емес, өмірге үйретуге тырысамын әрдайым. Студияда жыл сайын жүзден аса студент өнермен айналысады. Бұған ақы алмаймыз. 2010 жылы ректор Асқар Нәметовтің шешімімен студия түлектеріне Қоғамдық мамандық сертификатын беруді бастадық. Қазір сол сертификатпен қызметте жүргендер бар.
– «Педагог мәртебесі» бекітілді. Бұрынғы мен бүгінгі педагог қандай? Ұстаздың әлеуметтік рөлі, мәртебесі туралы айтып өтсеңіз.
– Халық түсінігінде ұстаз балаға білім беретін адам ретінде ғана қалыптасып қалған. Ал, ақиқатына келсек, баланың дүниеге келгеннен бастап көретіні оған ұстаз болады. Ата-анасы, қоршаған ортасы – баланың ұстазы. Бала көргенін, үйренгенін қайталайды «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, бекер айтпаған ғой. Мұғалімнің бүгінгі беделі төмен болса, оған нарық талабын ғана ойлаған Үкімет кінәлі деп ойлаймын. Өткен ғасырда ең беделді мамандык мұғалім мен дәрігер еді, ал бүгін тек технология мен қаржы мамандықтары беделге ие болды. Батырың да, басқа да мұғалімнен білім алады. Сондықтан оның беделі мемлекеттік деңгейде бекітілігені дұрыс. Бастысы, бала тәрбиесі алдында мұғалімді құрметтеуді бірінші орынға қою керек.
– Әңгімеңізге рахмет! Жетпіс жасыңыз құтты болсын!
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓