САЛЫҚТАН ҚҰТЫЛАР КҮН ЖАҚЫН

ПРЕЗИДЕНТ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында  шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату, ШОБ қолдау, тұрғын үй сатып алу немесе білім алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану және зейнетақы аударымдарының мөлшерін 5% – ға көшіру мәселесін көтерген болатын.
Сонымен қатар, Президент елдегі жоғары баға, азаматтық қорғау қызметкерлерінің жалақысын арттыру, мемлекеттік қызметшілер санын 25% – ға қысқарту және квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу мәселелерін атап өткен еді.
Ұлттық экономика министрлігі мемлекет басшысы көтерген мәселелерді шешіп, жүктеген міндеттемелерді орындауға кірісіп кетті, деп хабарлайды lsm.kz ақпараттық порталы. Мәселен, ведомство кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау енгізілгеннен бастап, жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті шкаласын қолдануды жоспарлаған.  Есептеудің бұл тетігін әзірге енгізудің қажеті шамалы. Себебі айтулы шара ресми жалақыны азайту арқылы ЖТС төлеуден жалтару қаупін тудыруы ықтимал дейді мамандар.
Прогрессивті салық салу әдісін қолдану үшін, алдымен  табысы орташадан жоғары қазақстандықтардың қатарын көбейту керек. Осыдан кейін ғана жеке тұлғаның жиынтық табысын ескере отырып, салықтың орташа мөлшерін есептеуге болады. Қазақстандық сарапшылар да  қоғамның мұндай әрекетке әзірге дайын еместігін алға тартуда.
"Ең алдымен, халықтың табыс деңгейін орташадан жоғарылату қажет. Сондай-ақ, ел арасында салық төлеу мәдениетін қалыптастыру талап етіледі. Ол үшін Президенттің Жолдауын кең көлемде түсіндіру керек", – деген уәж айтылуда.Көлік салығы
 
3,5 МЛН КӨЛІК САЛЫҚТАН БОСАТЫЛАДЫ
Көпшілікті, әсіресе, көлік жүргізушілерін елеңдеткен жағымды жаңалықтың бірі – қозғалтқыш көлемі 3 мың текше см дейінгі автокөліктерге салынатын салықтың алынып тасталуы. Жоба жүзеге асырылған жағдайда, салық сомасы жағармай құнына қосыла есептелетін болады.
 Министрліктің есебінше, ел аумағындағы 3 мың текше см дейінгі 3,5 млн көлік салықтан босатылуы тиіс. Аймақтардағы көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, көлемі кішкентай көліктің 479 мыңы Алматы облысында, 444 мың – Алматы, 288,8 мыңы  ШҚО, 272,1 мыңы Қарағанды облысында, 254,1 мыңы Нұр-Сұлтанда жүйткіп жүрген көрінеді. Сондай-ақ, Түркістан облысында 240,3 мың, Жамбыл облысында – 191,2 мың, Ақмола облысында – 167,1 мың, Қостанай облысында – 164,9 мың, Ақтөбе облысында – 142,7 мың, Павлодар облысында – 133,8 мың, Маңғыстау облысында – 132,6 мың, СҚО – 128,6 мың, БҚО – 112,3 мың көлік тіркеуде тұр.
Ал Атырау облысында осындай 111 мың көлік, Қызылорда облысында – 104,7 мың, Түркістан облысында – 59,6 мың, Шымкентте – 46,3 мың көлік бар.
Қозғалтқыш көлемі 4 мың сантимитрден асатын жеңіл автокөліктердің саны елімізде 73,3 мыңнан асып жығылады. Мұндай көлік құралдарының көбі Алматыда (21 мың), Нұр-Сұлтанда (11 мың) және Алматы облысында (7 мың) жүр.
Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметіне жүгінер болсақ, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында заңды тұлғалар 9,3 млрд теңге, ал жеке тұлғалар 29,6 млрд теңге көлемінде көлік салығын төлеген екен. Мемлекеттің ала қоржынына құйылып жатқан осы қаржының біркелкі еместігі (салық мөлшерінің ала-құлалығы) көптен бері айтылып келеді. Қарапайым көлік жүргізушілерінен бастап, ел экономистеріне дейін салықтың осы 
түрін жетілдірудің түрлі әдісін ұсынып келген еді. Әттеген-айы, құлақ асар адам болмады. Енді, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынуы тиіс жобада ел пікірі ескерілер деген үміт зор.
 
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Ғаламтордағы ашық ақпараттарға жүгінер болсақ, әлемнің  дамыған мемлекеттерінің басым бөлігінде көлік салығы жағар май бағасына қосылып есептелінеді екен. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың уәжіне құлақ асар болсақ, салықтың осы түрі жұртшылық үшін тиімді, әрі экологиялық жағынан пайдалы. Олай дейтіні, көлік салығы қоса есептелгенде бензин бағасы айтарлықтай көтерілуі тиіс.  Өз кезегінде ол тұтынушыларының қатарын азайтады: көлемді көлік иелері шағын немесе гибрид, электр көліктеріне отыруға мәжбүр болмақ. Ал мұндай темір тұлпарлардың қоршаған ортаға зиянының шамалы екендігі айтпаса да белгілі.
 Көлік салығын оңтайландыру көршілес Ресейде 2010 жылы қолға алынған екен. Дәл осы жылы Ресей аймақтары көлік салығын өз бетімен көтеру құқығына ие болады. Бұл жақта көлік құралдарына салынатын салық тек қозғалтқыш қуатына байланысты. Яғни, көлікте қанша аттың күші болса, сонша мөлшердегі төлем жүктеледі. Бұл ереже тіпті, осы елдегі тікұшақтар мен ұшақтарға  да қолданылып келеді. Автокөлік иелерінен жиналған ақша 2003 жылға дейін арнайы Жол қорына аударылып, қаржы жолдарды салуға, күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалып келіпті. Ал 2004 жылдан бастап салық төлемдері федералдық бюджетке аударыла бастаған. Көрші елдің көлік жүргізушілері осы кезден бастап, көшелерінің құрық-шұрық бола бастағанын алға тартады.
Франция, Голландия, Ұлыбритания іспетті Еуропа елдерінде көліктердің көлемі мен салмағы салық жүйесінде есепке алынады екен. Сондай-ақ, қосымша көмір қышқыл газын бөлуі де ескеріледі. Мәселен, көлік қозғалтқышының әр текше сантиметрі 2 еуродан есептелсе, қозғалтқыштан бөлінетін әр грамм көмір қышқылы үшін тағы 2 еуро қоса есептеледі.
Ал  Германияда көк түтін мөлшері шақырымға шаққанда  90 граммнан аспауы тиіс. Артқан жағдайда салық жүктемесі де көбейе түседі. Аталған мемлекеттерде дизель отынымен жүретін көліктерге салынар салық мөлшері 9 еуродан асып жығылады. Содан да болар, бұл елдерде көк түтінді будақтатып жүрген көліктерді көрмейді екенсіз. Қоршаған ортаға кесірін тигізетін мұндай көлік иелеріне салынар салықтың мөлшері бір басқа, түтіндетіп жүргендерге  жергілікті полиция айыппұл салып, қажет болған жағдайда көліктерін тәркілеуіне де болады екен. Бұл тәртіп біздің елімізде қолданылар болса, Қостанай көшелерінде бәріміздің ат-арбамен ғана жүреріміз анық!..
Осы тектес істердің нәтижесінде, еуропалықтар жағар маймен жүретін көліктердің санын қысқартып, экологиялық тиімді темір тұлпарларды тізгіндей бастаған. Айтулы елдерде электр, гибрид көліктерге салынар салықтың жоқтың қасы екенін айта кеткен абзал.
Дания – бензин, дизельмен жүретін темір тұлпарлардан толықтай бас тартып, халқын велосипед, мопед, электромобильдерге  отырғызуға бейімдеп жүрген мемлекеттердің бірі. Бұл елде қымбат әрі қуаты күшті көліктерді тізгіндегендер некен-саяқ. Себебі, мұнда тіркеуге қойылуы тиіс көліктің құны шекті (қазіргі уақытта 18 000 АҚШ доллары) бағадан асқан жағдайда, иесі авто құнының 105 % мөлшерінде салық төлеуі тиіс. Бұдан кейінгі жыл сайынғы салық бензин акцизіне енгізілген. Осының нәтижесінде, қазіргі уақытта бұл жақта мұнай өнімінің бір литрі 750 теңгеден саудалануда. Бензин құнының шарықтау шегіне жетіп, тіркеу құнының 100 пайыздан асуы  даниялықтарды тіпті де алаңдатып отырған жоқ. Себебі жиналған қаржы осы елдегі әлеуметтік салаға: зейнетақы, медицина, білім беру, ең аяғы коммуналдық қызметті қаржыландыруға жұмсалады екен.
Жапонияның да біраз "қызығы" бар болып шықты. Бұл жақтың  көлік салығы техникалық бақылаудан өткізу арқылы жиналады екен. Мәселен, су жаңа көлікті тіркеуге 
қойғанда оны міндетті түрде техникалық бақылаудан өткізу керек. Қызметтің бұл түрі жаңа көліктер үшін 1 000 АҚШ доллары шамасында. Жаңа көлікке техникалық бақылаудан өткені жөніндегі таллон үш жылға беріледі. Одан кейінгі жылдары көлік иесі 1200 АҚШ долларына сараптама жасатып отырады. Техникалық бақылау құны көліктің көлемі мен қуатына сай еселенуі тиіс.
 
ҚАЖЕТТІ КӨЛІК – ҚЫТАЙДАН
"Қазақстандықтардың еуропалықтар мен араптардан кем тұруына ауа-райының қолайсыздығы себептігін" бәріміз де жақсы білеміз. Климаты дәл біздікіндей Канадада неліктен ауыл шаруашылығының қарышты дамып кеткеніне, ішкі өнімділігінің бізден неліктен үш есеге жоғары екеніне әзірге, бас қатырмаймыз. Ал көлік саласына келер болсақ, бұл жақта да салық – жағар майға байланған. Көлік құнының арзандығы, сырттан әкелінетін көліктерді рәсімдеу шығындарының аздығы – бұл жақтағы темір тұлпарлардың жылдам жаңаруына сеп. Канададағы міністегі көліктердің қолданыс мерзімі 5-8 жыл болса, қазақстандық көліктердің орта жылы – 20-23 жамасында. Осыдан-ақ қай жақтың экологиясы жақсы екенін бағамдай беріңіз.
Ақшаның аздығынан емес, қысы қатты болғандықтан аталған елден "Тесланы" көп кезіктіре бермейсіз. Бұл жақтың билігі "25 градус аязда жүрмейтін электромобильді ал", – деп үгіттемейді. Биліктің қояр басты талабы – көлік неғұрлым жаңа, неғұрлым экологиялық таза болуы керек!
Нағыз Канада мен бізге керек көлікті қытайлықтардың шығара бастағанын айта кеткен жөн. Күншығыс елінде кәдімгі сумен, нақты айтқанда сутегімен жүретін көлік құрастырыла бастады. Қытайдың алғашқы сутегі автокөлігі "Grove Obsidian" деп аталады. Оны құрастырушылар  сутегі отынының артықшылығы мен қауіпсіздігінің жоғарылығына сенімді.  Grove Obsidian ең басты ерекшелігі – оның бір реттік толық  қуатының 1000 шақырымға жететіндігі. Мұндай көрсеткішке электромобильдердің де әзір жетпегенін айта кеткен жөн. Grove Obsidian
Grove автомобилі көміртекті материалдардан жасалған жеңілдетілген корпус пен аэродинамикалық артықшылығы, үнемді отын шығынымен ерекшеленеді. Көліктің сутегі багын 3 минутта толтыруға болады, көлікті қозғалысқа салатын сутектің қалдықтары мотордан су немесе бу есебінде шығады. Қалдықтың қоршаған ортаға еш зияны жоқ көрінеді. Көпшілік  Grove Obsidian көлігіне қарап, көздеріне сутегі бомбасын елестетуі мүмкін. Құрастырушылардың уәжіне құлақ асар болсақ, көліктен еш қауіп күтпейсіз. Оның отын багы кез келген аварияға төтеп бере алады, бак тесілген жағдайда сутегі одан судай ағып, 1,5 минут ішінде жанып кетеді. Мұндай жағдайда көлік шанағы 47 градусқа дейін ғана ысуы ықтимал. Айтулы көлік өндірісі 2020 жылы басталады. Алғашқы 12 айда өндіруші 5000 автомобиль шығармақ, ал 2030 жылға қарай көлік санын миллионға жеткізу жоспарланған.
 
 Жұматай КӘКІМЖАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓