Төтенше оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
31 шілде күні Қостанай қаласының орталығындағы «Март» сауда үйінде төтенше жағдай орын алды. Атап айтсақ, кешкі мезгілде сауда орталығының бірінші қабаты мен төменгі қабаты арасында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде кеппеген сылақ пен қаңылтыр опырылып, траволатормен кетіп бара жатқан үш адамның үстіне құлаған. Осы төтенше оқиғадан кейін ҚР ҚК «Тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі заң бұзушылық» туралы заңының 245 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 1 тамыз күні Қостанай қаласының прокуроры Ә.Ерекешев құзырлы органда өткен брифингте мәлімдеді.
-Қылмыстық іс аясында барлық тексеру жұмыстары және қажетті тергеу шаралары жүргізілді. Екі зардап шегуші ауруханаға жатқызылды. Қаңылтыр құлаған үшінші зардап шегуші ауруханаға барудан бас тартты, – деді Ә.Ерекешев.
Белгілі болғандай, құрылыс жұмыстарын «ҚостанайСтройКлассик» ЖШС жүргізген. Ал тапсырыс беруші компания «Метрум» ЖШС екен. Бүгінгі таңда сауда орталығына мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау мекемесінің мамандары тартылып, жүргізілген құрылыс жұмыстарына сараптама жасалуда.
Сондай-ақ, қылмыстық істі жүргізу кезінде халықтың қауіпсіздігін сақтау және аталған оқиғаның тағы да қайта орын алмауы үшін сауда орталығы толық тексерілетін болады.
Шұға Қоңқабай