Түлектердің туған жерге тартуы
Жангелдин ауданының Тәуіш ауылында "Рухани жаңғыру"бағдарламасының "Туған жерге тағзым" бағыты аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында "Ауыл күні" іс-шарасын өткізді. Әр жылғы түлектер осыдан алты жыл бұрын бастаған туған ауылдарын абаттандыру жұмыстарының аралық қорытындысын осылайша жасады.
Қаратүбек орта мектебінің әр жылғы түлектері мерейтойлары аясында ауыл игілігіне қаржы қосып, қандай да бір елеулі ескерткіш қалдырып кетуді жақсы дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Жастардың ауызбіршіліктерінің арқасында ауыл орталығында сәнді саябақ ашылып отыр. 1969 жылғы түлектер 35 жылдықтары құрметіне осы саябаққа "Түлектер монументін" орнатты. Ал 10 жылдықтарын атап өтуге бас қосқан 1993 жылғы жастар дала сахнасын салып берді. Сондай-ақ, ауыл перзенті, құрылыс инженері Мәжит Бекмағамбетұлының құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Осы ізгі оқиғаларға куә болған ауыл тұрғындары айрықша тәнті болып, аға буын өкілдері алғыстарын жаудырып, баталарын берді. Тәуіш ауылының тумасы, Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жаңа сахна төрінде қара домбырасын қолына алып, аядай ауылдың үлкен жаңалықтарын жырына қосып, арнау айтты. Ел-жұрты рухтанып, мақтаныш тұтар ақын ұлдарына зор құрмет-қошеметтерін білдірді. Ауыл өнерпаздары да ән-күймен той көрігін қыздыра түсті.Осындай сауапты істерді әрмен қарай жалғастыру туралы ымыраға келген Тәуіш түлектері бесжылдық жұмыстарды қорытындылай келіп, іліп-әкетпені ізінен ерген іні-қарындастарына тапсырды.