Қоныстарына қайта оралды
Қостанай облысы Қарасу ауданындағы 4 елді мекендегі тұрғын үйлер судан тазартылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне оралуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады. Тасқынның салдарынан 4 елді мекендегі 36 үй су астында қалып қойды. Аудан аумағында қардың жаппай еруіне байланысты Жамбыл кенті әзірге су астында қалып тұр. Еріген қар суы 22 үй мен аулаларды басып қалды. Ұзындығы 200 метрлік 4 су бұрғыш канал қазылды. Тұрғын үйлер аумағындағы тасқын суды айдау, бұру және өткізу жұмыстары жалғасын табуда. Су тасқыны аймағындағы тұрғындарға алдын ала хабарландыру беріліп, эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Малдар қауіпсіз орындарға айдалды. Бұл жерлерде ТЖК бөлімшелерінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар, Жергілікті полиция қызметі мен жұмылдырылған ұйымдар жұмыс істеп жатыр.