Кәсіп көзі ауылда
Алыс-жақын шет елдерде халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту деген түсінік қалыптасқан. Бұл үрдіс әсіресе ауыл тұрғындары үшін қолайлы. Мәселен, азын-аулақ мал ұстайтын ағайын түлігінің өнімін қалаға арбаланып апармай-ақ, ауылда отырып өткізе алады, құнына қомақты қаржы да алады. Осы жайлы енді кеңінен тарқатып айтайық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы өніміне жаһандық сұраныс күн санап артып келеді. Сондықтан біздің еліміздегі бұл салаға да жаңғырту қажет» деп атап өткен болатын. Кейін батыс елдері үлгісі бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің кооперативін құру қолға алынды. Бұл үшін арнайы несие мен субсидия бөлінді. Бұнын бір ғана қарапайым үлгісін Федоров ауданынан көруге болады.
Мәселен, мұндағы Успенов ауылының тұрғыны Иван Червонюк былтыр «Успеновка СҮТ» дейтін кооператив құрды. Воронеж селолық округіндегі 7 елді мекеннен 320 адам АӨК құрамына кірген. Жалпы ірі-қара саны – 812. Негізгі кәсіп – сүт алу, өңдеу және қалаға жеткізу. Тәулігіне 27 тонна сүт қабылдайтын кооператив өз өнімін Қостанайдағы «Милх» ЖШС-не өткізеді.
Кооператив төрағасы Иван Николаевич бүгінгі кәсібінің аяқ алысына аз-кем тоқталып өткен еді.
-Өте ыңғайлы. Зауытпен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Әзірше ешқандай кедергілер туындамады. Әуелде кооперативтен бір модульді пункт алдық, кейін «Милх» ЖШС тағы біреуін жалға берді. Алдағы уақытта сүт таситын жүк көлігін алуды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, ауылдастарым қолдау білдіріп, кооператив құрамына енді. Ел-жұртта қызығушылық бар,-дейді И.Червонюк.Бұлар ендігі барлық талапқа сай, сыймыдылығы 20 тонна болатын сүт қабылдау кешенінің құрылысын бастап кетті. Бұл нысанға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ат басын бұрып, келешекте қолдау көрсететінін жеткізді.Жоғарыда айтып өткеніміздей, бастысы, ауылдықтар құр отырмай еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр.
Теріскейдегі ауданда құрылыс және жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Әрине, әлеуетті бизнес үшін әуелі күре жолдың сайрап жатқаны керек-ақ. Бүгінгі таңда Федоров-Ленин-Вишневое ауылдарына апаратын тас жолды жөндеу жұмыстары басталды. Алғашқы жұмыстар өткен айда қолға алынған. Мердігердің айтуынша, қарашада құрылыс тәмамдалмақ, алайда Архимед Бегежанұлы одан да ертерек бітіруді тапсырды.-Қайталап жатудың қажеті жоқ, солтүстік аудандарда қыс ерте түседі. Сондықтан қыркүйектің аяғына дейін бітіру керек,-деді облыс әкімі.
Жолдың ұзындығы – 27 шақырым, жалпы сметалық құны 1 млн 961 мың теңгені құрайды.
Федоров ауданындағы жағымды жаңалықтар легі бұнымен шектелмейді. Тағы да екпін түсіріп өтер жоба бар. Жуырда ғана аудан орталығында газ тарату желілерінің құрылысы қарқын алған еді. Бұл шаруа «СК Artifex» ЖШС мердігерлік компаниясына жүктелген. Бас мердігер Дмитрий Крапивкин – Қазақстанның оңтүстігінен келген тәжірибелі маман. Ол облыс әкіміне жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауға уәде етті.Мұнда да көтерілетін сұрақ бір. Ол – құрылысты қысқа жеткізбей бітіру. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды осында еңбекке тарту. Дмитрий Крапивкин бұл мәселенің шешімін табатынына сенім білдірді.
Облыс орталығымен көршілес жатқан ауданда шағын және ірі кәсіпке жол ашық. Арасы қашық емес, тұтынушы да жетіп артылады. Соның жарқын үлгісі ретінде зығыр майын өндіретін «Жаркөл 007» зауытын айтса болады. Кәсіпорын 2012 жылы іске қосылған. Өнідірістік күші – жылына 1500 тонна өнім шығарады.-Қазіргі таңда экспортты күшейтпекпіз. Оған күшіміз жетеді. Бүгіндері Ресей, Қытай және Тәжікстан нарығына шықтық. Келешекте кәсіп көзі ұлғаймақ, ал әзірше келіссөздер жүріп жатыр,-дейді зауыт директоры Владимир Заверуха.
Қазақстандық өнім ел асып, өзге нарықта сұранысқа ие болып жатса, әрине, көңіл қуантады. Пайдасы еселене түссе, жергілікті халықтың тұрмысы түзелетіні анық. Қазірдің өзінде бұл нысанда 17 адам еңбек етеді. Жалақысы да жаман емес, айына 75 мың теңге.Федоров тұрғындарының тынымсыз еңбек еткеніне сүйсінесің. Мұнда өндіріс орындары да, мыңғырған мал да бар, қырда егіні жайқалып жатыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Троян» серіктесігінің егінін аралап, осында жергілікті ауылшаруашылық өнімін өндірушілермен кездесті. Олар биылғы астықты жинау, оны сақтау, экспортқа шығу мәселелерін талқылады. Федоров ауданының жері өте құнарлы, мұнда бидайдан басқа, майлы дақылдар егеді. Диқандар биылғы бидайдың бітік шығатынна сенімді.Айтпақшы, мұнда тағы да бір жақсы жаңалыққа куә болдық. Федоров балалар үйінде тәрбиеленушілер жыл сайын азайып келеді екен. Сол себепті бұл мекеме жуық арада жабылып, ал ғимараты балалар шығармашылық үйіне айналмақ. Сондай-ақ, 50 орындық сәбилер балабақшасы, психология және жастар орталығы ашылуы мүмкін. Тек ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Өңір басшысы Архимед Мұахмбетов көп ұзатпай бұл мәселе өз шешімін табатынын айтты.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.