Балғындар мерекесі қарсаңында
Бақыты ойыншықпен өлшенетін балдырғандардың мерекесі таяуда тұр. Олар мейрамды бөле-жармай ұнатады десек те, ойын жасындағылардың қай-қайсысының да айрықша асыға күтері – осы бір жаздың алғашқы күні. Сондықтан болар, тосқандағылары татымсыз болып қалмас үшін, тартымды шаралар жоспары биыл да тыңғылықты құрылыпты. Демек, жеткіншектерге көрер қызық, алар әсер көп болмақ.
Мерекелік жоспарға енген ең ерек шаралардың біршамасынан жұртты назардар етуді жөн көреміз. Мейрамдық ұйымдастырылымды Сити-орталықта өтетін «Мектептер шайқасы» аталатын хип-хоп өнерінің фестивалі бастайды. Ізінше «Жастар» бульварында «Кемпірқосақтың жеті түсі», сити-орталықта «Балалық мейрамы» атты коцерттік бағдарламалар тарту етілмек. Суретқұмар балғындар да қаперден шығарылмаған. Осы күні «Көңілді ертегілер калейдоскобы», «Мен өзімнің жазымды саламын» атты сурет сайыстары өтпек. Сондай-ақ, Никифоров атындағы сурет мектебінің алдында «Радуга талантов» аталатын көрме ұйымдастырылып, оған дарынды оқушылар еңбектері қойылмақ. Танымдық-сауықтыру шаралары А.С.Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында да өткізіледі. Тоғызқұмалақ және түрлі доп ойындары арқылы, мереке иелерінің арасынан ең үздік кішкентай спортшылар да таңдалатын болады.
Қамкөңілдерге де мереке қарсаңында қамқорлық көрсетілмек. Мамырдың 29-ы күні, сағат 16.00-де кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның және қалалық комиссияның 40 шақты мүшесі облыс орталығындағы «Дельфин» балалар үйіне барады. Жаңтаңкөздерге жылы лебіз сездіріп, түрлі сыйлықтар жасамақ.
Жандос Жүсіпбек