Ұлпасыз терек ЭКСПО-ға аттанды

Жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптаған құрылыстың салдарынан, онсыз да қырқылып жатқан ағаштарға жаз шыға коммуналдық қызмет өкілдерінің қырғидай тиетіні белгілі. Біреуі жол белгілерінің көрінуіне кедергісін келтірсе, енді бірі қисық өскені үшін қиылып жатады. Терек ұлпасынан қорғанудың амалымен, қала ішіндегі ағаштарға балта ала жүгіретіндер де баршылық.DSCN0782
Облыс орталығында өсіп тұрған жасыл желектің басым бөлігінің терек екені белгілі. Осы ағаш ұлпа шашады деген желеумен соңғы жылдары оны отырғызудан бас тартып жатқандарды жиі ұшырастыруға болады. Биолог маман Валентина Ободовская бұл мәселенің шешімін тапты. Ол осыдан үш жыл бұрын ұлпа шашпайтын теректің түрін өсіруді қолға алды.DSCN1164
– Теректің жаңа түрін ойлап табуға қаладағы ағашты жөн-жосықсыз кесу жұмыстары түрткі болды. Өйткені мұнымен пайдадан гөрі, керісінше  облыс орталығының жасыл желегіне зиян келтіріледі. Әрине, биолог ретінде бұған бей жай қарай алмадым. Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жазық далалы елімізді орманды алқапқа айналдыру керек деген сөзі мені тіптен шабыттандыра түсті. 2012 жылдан тәжірибе жүргізуді қолға алдым. Мақсатым, терек ағашының жаңа түрін табу болды, – дейді Валентина Ободовская.DSCN0795
Теректің пайдасы зор. Бұл ағаш ауаны тазалап қана қоймай, әр түрлі шаң-тозаңды өзіне тартып алады.Өзге ағаштармен салыстырғанда, оттегіні күндіз-түні (басқа ағаштар тек күндіз ғана) зор көлемде шығаратын қасиеті бар. Тіпті теректен – басқа ағаштар да қоректенеді екен. Сондықтан қалалық жерде терек отырғызудың пайдасы орасан. Тек, ұлпасы ғана берекені алады. . .DSCN0813
– Терек ағашын зерттей келе, мен ұлпасын шашпайтын түрлерін іріктеп алдым. Ағашты сұрыптай келе,  бальзамикалық теректі шығару мүмкін болды. Өзімнің арнайы ағаш бағымды ашып,  сынау мақсатында 10 көшет отырғызып көрдім. Олар тамыр жайып, бой көтере бастады. Содан кейін көшеттер санын арттырып, халық арасына таралуына білек сыбана кірістім. Өткен жылы ұлпа шашпайтын терек көшетінің саны бес мыңға жетті, – дейді тәлімбақ иесі.DSC00506
Қостанай облысында ағаштың жаңа түрін ойлап тауып, оны өсірумен айналысып жатқан биолог маманға  Астанадағы «Тұрақты даму» Жер қоры қызуғушылық танытты. Аталған ұйымның діттеуімен  Елордасына 300 түп көшет жөнелтілді. Олар саябақтар мен көше көркіне айналып отыр. Валентина мұнымен тоқтамай, 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуға бел буыпты. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 сайтына тіркеліп, өз жаңашылдығы жайлы айтқан екен. Жақында биолог маман Астана қаласына барып, сұхбаттасуға қатысып келді. Енді комиссия мақұлдаса, Қостанайлық биолог маман ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алады.DSC00488
– ЭКСПО-2017 бұл өз туындыңмен әлемге танылуға  үлкен мүмкіндік береді. Мұндай ауқымды іс-шарларға жастардың белсенді қатысқандарын жөн көрем. Болашақ жастар еншісінде. Сондықтан еліміздің дамып, өркендеуі жолында ашқан жаңалықтар осы көрмеден орын алса, нұр үстіне нұр емес пе?! – дейді Валентина Ободовская.DSC00517
Ұлпасыз теректер жайындағы жаңалығын тәлімбақ иесі жергілікті билік өкілдеріне де жеткізген көрінеді.  Өкінішке орай, өнертапқыштың өсімдігіне бірде-бір жан қызығушылық білдірмепті. Тек, жеке кәсіп иелері мен құрылыс компаниялары тапсырыс жасауда екен. Бүгінгі күні Қостанай қаласының «Хюндай» орталығы мен №2 емхананың алдында және Қонай елді-мекенінде жерлесіміздің өзі жасап шығарған жасыл желегін көруге болады. «Сүйікті қаламды ұлпасыз, қоршаған ортаға пайдасы зор ағашпен көмкеру менің басты арманым» – дейді Валентина Ободовская.
 
Махаббат Бекбай 
 

 

You may also like...

2 Responses

  1. Yergali айтты:

    Валентина Ободовскаямен қалай хабарласуға болады?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓