Қош келдің, жас сарбаз!
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6697 әскери бөлімінің жеке құрамы өткен аптада жылдың бірінші шақырылымымен қайта толықты. Сарбаздар Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз және Талдықорған, Орал, Ақтөбе қалаларынан келді. Арнайы оқу-әдістемелік материалдарды оқып, теориялық бағытта жаттыққан ел қорғаушылары салтанатты ант қабылдағаннан кейін сарбаз санатына қосылады. Олардың ендігі міндеті – өздерінің лауазымдық қызметтерін жаттап қана қоймай, жалпы әскери жарғыда бекітілген барлық қызметтерді үйрену. Бір жыл бойы түзеу мекемелерін күзету, қамауға алынғандарды қадағалу, мемлекеттік ерекше маңызды нысандарды күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету де жас сарбаздардың міндетіне кіреді. Сонымен қатар табиғи, техногенді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын әмбебап әскерилер дайындау – басты талап. Кез келген азамат әрқашан Отан қорғауға қабілетті өз елінің патриоты болуы тиіс. Қазір оқу бітіргеннен кейін, әлденені сылтауратып әскерден қашатын жастар аз емес. Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Осыны ұмытпаған жөн.
Эльвира САПАБЕКОВА,
кітапхана бастығы, кіші сержант