Скалодром салынды
Құзға шығу спорты Қостанайда да жақсы қарқын алып келеді. Айтпақшы, халықаралық олимпиада комитеті 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына құзға шығу бойынша спорт жарысын енгізді. Соған байланысты құрылған жаңа жобаларының бірін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қолға алды. Жасанды жартас – скалодромның биіктігі – 8 метр. Бұл скалодром жас псортшыларға арналған. Сапасы да жақсы – қалың мультиплекстен жасалынған.
– Негізі біздің оқу орнында туристік клуб 1966 жылы ашылған. Сол кезден бастап спортқа барынша ден қойылған, – деді дене шынықтыру және туризм кафедрасының деканы Ғалия Бекташева. – Бұл құрылыс жобасы бірнеше жыл бұрын қабылданған. Техникалық талаптарға жауап бере алатын скалодром енді облыс игілігіне жұмыс істейді. Спорттың ерекше және экстремалды бұл түрін дамыту арқылы әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын қыз-жігіттерді дайындауға мүмкіндік бар.
Облысқа танымал спорт мамандары – Игорь Огиенко мен Ирина Гурская жастарды жаттықтыратын болады. Құзға шығу спорты бойынша облыс құрамасы Рудныйда дайындалады. Алдағы уақытта институт қабырғасында да жаңа команда құрылатыны сөзсіз.
Мұнда барлығы «швед қабырғасынан» басталады. Бұл – жаңадан келушілерге арналған биіктік. Оны бағындыра алғаны қиын сатыларға көтеріле береді.