Есепші 21 млн теңге жымқырған
Қостанай облысындағы Затобол кентінде үш жыл бойы мемлекет ақшасын қалтасына «басып» келген қызметкерге қатысты сот отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс материалдарына сүйенсек, Затоболдағы «Петушок» балабақшасында есепші қызметін атқарған Әлия Досымбаеваның 2015-2017 жылдары 21 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды. Ол 2015 жылы – 7 313 890 теңге, 2016 жылы – 7 288 472 теңге және биыл 7 173 790 теңге мемлекеттік қаражатты өзінің жеке есепшотына аударған.
Сот отырысында жауап берген балабақша директоры Екатерина Федорова бұрынғы есепшісіне сенгенін айтты. Тіпті, электронды кілт те есепшінің қолында болған.
Аудандық прокуратура қызметкері айыпталушы Әлия Досымбаеваға қызметін асыра пайдаланып, қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 189-бабынаң 4-бөлігі, 2-тармағы негізінде 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
Сот шешімі 20 қазанда қабылданады.