Сәбит ДОСАНОВ, жазушы
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
«Қостанай таңы» – облыс өмірінің айнасы. Құрылған күнінен бастап мазмұны, өзіндік стилі арқылы танылған басылым. Қостанайда бір күндік газеттер болған және әлі де шығады. Ал «Қостанай таңы» талай сүрлеуді артқа тастап, бүгінгі күнге дейін абыроймен жетіп отыр. Тарихта болған түрлі оқиғаларға куәміз. Қаржылық қиыншылықтар газеттен айналып өткен жоқ. Дегенмен, облыс тірлігі, аудан-қалалардың күнделікті тынысы газет бетінен табылып отырды. Беделді басылымының артықшылығы да осы. Соңғы кездері қарпі мен безендірілуі, жалпы бедері өзгеріпті. Заман жаңа талаптарымен келеді ғой. Бірақ, ішкі тұрмысы, рухани көрінісі сол қалпында қалды. Қазір газет сайты алыстағы оқырманға көмек. Алматыда отырып, елдің жаңалықтарын оқып отырамыз. Газет беті – ел тарихы. Халық барда «Қостанай таңы» өлмейді.
Қайталанбас жазушы Майлиннен таратсақ, беріде қаншама марғасқаларға тоқталамыз. Сыршыл Сырбай Мәуленов осында орынбасарлықта отырды. Менің қаламдас ағам Ақан Нұрманов қызмет еткен газет бұл. Қаламынан талай туындылар шыққан Мұхамеджан Дүзеновтің өзі бір төбе. Ол Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі кезінде-ақ беделді-тін. Содан соң қаншама жауапты қызметтерге өсті. Қазтай Халықов сынды талантты ақын газетте тілші болған. Бұл ұжымда жұмыс істеген Сапабек Әсіп ақсақал қазір тоқсаннан асты.
«Қостанай таңына» талай мақалаларым басылды. Енді-енді қалам ұстап келе жатқан жастар да, арыз айтып келген ағайын осы газетті жағалайтын. Көп адамға көмектесті. Бастысы – үнемі халықпен бірге. Қаншама уақыт бойы өз оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
«Қостанай таңы» газетінің 95 жылдық тойы – бүкіл халықтың тойы. Бұл аз уақыт емес. Облыстық газет жасай береді. Мерейтой құтты болсын, ағайын!