Құрметті газет ұжымы!

Еліміздегі тарихы терең баспасөз құралдарының бірі – облыстық «Қостанай таңы» газетінің жарық көргеніне биыл 95 жыл толып отыр.
«Қостанай таңы» – өзіндік шежіресі бар, небір алмағайып кезеңдерді бастан кешкен басылым. Алғашқыда «Ауыл» (1922) деген атпен шыққан газеттің іргесін қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин қалаған болатын. Олар басылым арқылы өңір халқын өнер-білімге, отырықшылыққа шақырып, сауатын ашты, қоғамдық санасын оятты.
Әр кезеңде «Социалды еңбек», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» болып өзгергенмен, қазыналы өңірдің төл басылымы бір орында қайырлап, не тұралап қалған жоқ. Талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді.
«Ауылдан» басталған өткірлік, байсалдылық, сарабдалдық сара жол ұрпақтан-ұрпақ ұласып, газет бүгінде кемеліне келген басылымға айналды. Ең бастысы, қостанайлықтардың жасампаз істерін, ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.
Бүгінде «Қостанай таңы» – бағыт-бағдары айқын, тұрақты оқырманы қалыптасқан өңірдегі іргелі басылым. Газет облысымыздағы барша қалам иелерінің ұстаханасы әрі қара шаңырағы.
Тәуелсіз еліміздің іргелі астықты өңірі – Қостанай облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді. Әсіресе Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын қалтқысыз қадағалап, оны оқырманына жеткізуде газеттің әлеуеті зор. Басылымның мазмұны да, көтерер жүгі де байып, ел ішіндегі абырой – беделі де биіктеп, шын мәніндегі халықтық сипатқа ие болды.
Барша қостанайлықтардың рухани серігі, мақсаты айқын, ұстанымы берік газеттің мерейтойы құтты болсын!
Облыстық газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін! Туған отанымыздың өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер.
 
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓