«Қостанай таңы» – халықтың байлығы
Кенжеғали Сағадиев,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері.
95 жыл – аз уақыт емес. Сонау 1922 жылдан бері халыққа қалтықсыз қызмет етіп, қалың оқырманнан қол үзбей келе жатқан ата басылымның орны бір бөлек. Қаншама нәубет кезеңдер өтті. Талай тілшілер жазықсыз қудаланып, оққа ұшты. Ел арасы ажырап, жұрт шыбын жан үшін атамекеннен алыс кеткен замандарда, қаржылық қиындықтарда газет ұжымы басылымның әр санын асқан ыждаһаттылықпен шығарып, адал қызмет етті. Міне, бұл газетте жан-тәнімен берілген, өз жұмысын сүйетін нағыз журналистер болған. Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлилиннен бастап небір майталман тілшілер өткен. Бәрі де есіл азаматтар еді. Әуелі, бұл мерейтой солардың жемісі мен жеңісі.
Бұл «Қостанай таңы» – қазақ баспасөзінің қарлығашы, қара шаңырағы. Қазақстанның жер-жерінен қаншама жас журналистер келіп, шеберлік жинап қияға қанат қақты. Білікті маман, талантты жазушы атанды. Тобыл-Торғай өңірінен шыққан барлық ақын-жазушылардың балауса жырлары алғаш осы баспа бетінде жарық көріп, танылған еді. Сол бір аяулы үрдістің әлі де жалғасып келе жатқаны, әрине, көңіл қуантады.
Басылым өз оқырманынан алыстаған емес, керісінше көзге көрінбес сол байланыс күшейе түскендей. Бүгіндері газетіміз жайнап, заманның ағысымен бірдей тыныстап келеді. Газет ұжымын, Қостанай жұртын төл басылымның мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын. «Қостанай таңы» – халықтың байлығы. Тарихы тереңде жатқан газеттің жұртшылыққа берері мол. Тархи пен бүгінгі күнді байланыстырып тұратын да, сол заманның үздіксіз куәсі де – газет екенін ұымтпайық, ағайын!