Мың сәлем саған, оқырман!
Мен бүкіл саналы ғұмырымда ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге, оның мерейін үстем етіп, беделін арттыруға қызмет етіп келе жатқан қазақпын.
Кешегі қызыл империя тұсында да ана тіліміздің болашағына, оның өркен жайып,өрістейтініне,Қазақстанда мекен ететін жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктірер қозғаушы күшке айналатынана іштегі бір тылсым түйсік арқылы кәміл сенген пендемін. Әйтпесе «бүкіл Кенес халқы тек қана орысша сөйлесе,коммунизмге тезірек жетеміз» деген дақпырт заманда да қазақша жазатын журналист боламын деп,білім іздеп Алматыға асықпас едім.Оның үстіне мен мектеп бітірген 1963жылы Қостанай сияқты қасиетті өңірдің қазақ газеті – «Коммунизм жолы» жабылып қалып еді.Елдегі журналист кадрларын даярлайтын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің қазақ бөліміне бар болғаны 25 түлек қана қабылдайтын. Бұл «қазақша оқып,жазатын қаламгердің қазақ еліне керегі бар ма?» деген ойға жетелейтін жайт еді.
Бірақ ен байтақ еліміздің жан-жағынан ана тіліміздің өз тұғырына қонатынына сенімді жастар Алматыда,ҚазМУ-де бас қосып едік…
Тәуелсіздіктің арқасында ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алды.
Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында қазақтың әуезді сөзін бүкіл әлемге паш етті,қазақ тілі жеті қат ғарыштан жерге жетті,қазақ тілі компьютер тіліне айналды.
Байқап отырсам,елімізде шығатын газет-журналдардың үштен екісі ана тілімізде жарық көреді,қазақ мектептерінің саны еселеп артты,тәуелсіздік жылдарының өзінде мыңнан астам қазақ мектебі ашылыпты.
Қазақ мәдениеті мен қоғамдық пікірінің қара шанырақтарының бірі-кешегі жабылып қалған облыстық қазақ газеті – «Қостанай таңының» да абырой-беделінің асқақтап,ақпарат айдынындағы ақ желкенге айналған шағы да бүгінгі уақыт. Мен осы газет редакциясында табан аудармастан қырық бес жыл бойы шама-шарқымша еңбек еттім. Тәуелсіздікке тәубе етіп,ана тілінің қадір-қасиетін арттыруға күш-жігер жұмсадым. Облыс өңірінің шежіресін жаздым.
Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Сапабек Әсіп, Ағыбай Мұқатаев, Бақытжан Нұрмұхамбетов, Салық Молдахметов, Жолбарс Баязит, Жақсылық Жунісұлы, Ғұмар Ахметчин, Дәмір Әбіш, Қайсар Әлім, Мнауара Қабдырахметова, Назира Жарімбетова және басқа ғажап журналистер, абзал азаматтармен қызметтес болдым.
Алматының, Астананың, Қостанайдың баспаларынан он кітабым шықты.Оның төртеуі «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен жарық көрді. Бұл серияның негізін салған да өзім,оны мақтан тұтатыным да рас.
Біз соғыстан кейін туған ұрпақпыз. Есіміз кіріп, жан-жаққа, тылсым тіршілікке таңырқай қараған шақта соғыстың салған зардабы сәби журегімізді талай тілгілеп еді. Сондықтан да болар қаламды қару еткен сәттен сол тақырып мен мұңдалап тұрды. «Еркімбайдың Сұлтаны», «Өшпес данқ» атты қаhармандық хикаяттар солай туды. Талай ардагер ағалармен сырлас,сыйлас болған күндер менің есімде мәңгі сақталмақ.
Өйткені олар нағыз отаншыл, ала жіпті аттамаған, адамгершілік қағидаттарын мықтап сақтаған қайтйланбас тұлғалар-тын.
Қазір арды емес, ақшаны ойлаған кейбір желікбастарды көргенде сол асылдарды іздеймін.
Журналистік қызмет барысында көптеген дос таптым. Еліміздің ардақты да абзал азаматтары Кенжебек Үкіұлы, Орал Таңжарықов, Сайран Бұқанов, Өмірзақ Ихтиляпов, Тарғын Әбенов, Аманкелді Нұрғалиев, Карбоз Жапаров, Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет, Нағашбай Мұқатов, Сергей Харченко, Гүлжібек Бекмұхамедова және басқалармен риясыз сыйластығымызды мақтан тұтып, ерекше қадірлеймін.
Күні кеше ғана Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Жеңіс саябағында ескерткіш қасына келіп,гүл шоғын қойып,құрбандарды еске алдым.Небары 44жасында нақақтан атылып кеткен Би-ағаңа тазғым етіп,егілдім.
Қайран,Би-аға! Кешегі «Ауыл»,бүгінгі «Қостанай таңы» ең алдымен сенің газетің еді ғой.Сол газетің 95-ке толды. «Ауылың» аман,ардақтым! Халқы барда қара шаңырақ түтіні де түзу ұша бермек.Лайым,солай болғай!
Мың сәлем саған,оқырман!
Сәлім МЕҢДІБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.