Газетіміздің алғашқы сандары
«Қостанай таңы» осыдан 95 жыл бұрын «Ауыл» газеті болып жарық көре бастағанынан оқырман қауым жақсы таныс. Дегенмен өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында басылымымыздың қандай тақырыптарды қаузағанын біле бермесек керек. Алғаш баспасөз үнінің жарық көруіне қазақ журналистикасының абызы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, көсемсөзші Бейімбет Майлиннің қолтаңбасы ерекше екенін тағы мәрте айта кеткеніміз жөн.
«Ауыл» газетінің алғашқы саны 1922 жылдың 25 маусымында жарық көрді. Бірақ біздің қолымызға 1923 жылы қазан айында басылған сарғайған газет беттері тиіп отыр. Архив материалдарын ақтара жүріп құнды дүниеге тап болған едік. Бірден айта кетейік, ғасырға жуық уақыт бұрынғы жазу қаріптері тек Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған төте жазумен таспаланған. Қазір төте жазуды Қытай мен ол жақтан Еуропа елдеріне кеткен қандастарымыз ғана сақтап қалғаны болмаса, елімізде бұл әліппи ұмытылғалы қашан? Бала күнімізде әкемізден азын-аулақ араб алфавитінің Ахаң салған үлгісін үйреніп қалғанымыз бар еді, газетте жазылған мақалалардың мазмұнымен таныстыра отырайын.
Газетіміз 1923 жылды жетісіне екі рет шығып тұрыпты. Бір білгеніміз, «1923 жылдың октябрь айына жазылу – 50 тиын» екен. Сол заманнның өзінде Қостанай губерниялық комитеті мен облыстық губерниялық комитеті басылымымыздың құрылтайшылары болғанына куә болдық. Өйткені, жергілікті басқарушы орган кирилл қаріптерімен жазылған.
Мәселен, 31 қазан (төтеше 1 сентябрь деп тұр – Қ.Қ.) күнгі санын оқып отырсақ, төбесінде «Жер жүзінің еңбекшілдері бірігіңдер!» деген ұран жазулы тұр. Бас тақырыптардың бірі «Бүкіл дүние жүзі крестьяндарының жиылысы» деп аталады. Сол заманның тілімен сөйлесек, сиязға Америка, Англия, Франция, Япония һәм басқа патшалықтардан қырық шақты делегат келіп қатысыпты.
«Ауыл» газеті «Көрші республикаларда» айдарын тұрақты жариялап отырған сыңайлы. «Түркістанға бір миллион сомдық шеруеніс (мағынасын түсінбедік – Қ.Қ.) жіберілмекші» деген мақаланың мазмұнын түсіну қиынға соғып отыр: «Русиялық күндік еңбек һәм қорғау кеңесі Түркістанда жер сулау әдісін өңдеу үшін бір миллион сомдық шеруеніс жіберілсін деп қаулы қылыпты». «Бұхара байларының қамқоршылығы» деген мақалада бұхаралық бірнеше ірі саудагер мәскеулік саудагерлермен бірігіп, Мәскеудегі бұхаралық білім алушыларды өз қамқорлықтарына алып отырғаны жайында жазылыпты. Осы жерде «Ауыл шаруашылық каператсиясын (кооперациясын – Қ.Қ.) аяққа бастырыңдар» деген ұранның идеологиялық жағынан үлкен мәнге ие болғаны белгілі.
Ал «Германияда» деген бөлек айдарда Рейн республикасының жариялануы жайында ақпарат бар. Аахена қаласында Рейн жұмхұриеті (мемлекеті) жарияланып, уақытша үкіметтің құрылғаны баяндалады. Одан кейін «Ынтымақтың бұзылуы» деген мақалада Берлин қаласындағы социал-демократиялық партиясы жайында жазылыпты. Соған қарағанда, немістің бар басты оқиғалары назарымызда болғанға ұқсайды.
«Халыққа берілген тұқым жиналады» деген тақырыпты мақала бар. Онда «Бұл астықты жұртқа үлестірерде үстіне мынадай өсім салынған: қазына қорынан алғанға – 25 просент (процент – Қ.Қ.), аштар комитетінікіне – 6 просент, …үлестірерде қазына қорыныкінен – 3 просент алынып қалып, жұрт мойнында – 22 просент кеткен…» деген жолдар кездеседі. Әрине, бұқара халықтың битіне дейін сығып алу әдісінің сол бір жылдары өте белең алғаны айдан анық көрініп тұр.
Газеттің 1923 жылғы 12 желтоқсан күнгі санының 2-ші бетінде «Ауыл шаруашылығының жабдығы» деген үлкен бас тақырып бар. Ішіндегі «Қостанай губернасында (губерниясында – Қ.Қ.) мал шаруашылығы» атты мақалада 1913 жыл мен 1923 жылғы төл санының есебі келтірілген. Онда 1913 жылы жылқы 588,8 мың болса, он жылдан кейін 78,5 мыңға дейін төмендегені, қара малдың 1,3 миллионнан 195 мыңға, түйенің 274 мыңнан 3 мыңға, қой-ешкінің 2,5 миллионнан 88 мыңға дейін азайғаны айқын жазылған.
Айтпақшы, есеп мақала, ақпарат жазған авторлардың дені өз аты-жөндерін жазбай, көбіне бүркеншік есімдер қолданған. Мәселен, «Мәскеудегі ауыл шаруашылығы һәм кәсіп көрмесінен алған үлгі» деген үлкен мақала авторы «Шаруа маманы – Жуалық» бүркеншек есімімен жазған болса, «И.Шарик ұлы», «Қырағы» деген бүркеншік есімдердің де кездесіп отырғанын айта кетейік. Бұл лақап атаулардың ешбірі біз білетін Бейімбет Майлинге тиесілі болмай шықты. Себебі қазақтың классик жазушысының бүкіл өмірі мен шығармаларын ұзақ жыл зерттеген жазушы, ғалым Тоқтар Бейісқұлов Биағаңның 74 бүркеншік есімін келтірген болса, жоғарыдағы есімдер солардың арасынан кезікпеді.
Басылым бетінен әдеби шығармаларды кездестіріп қаламыз ба деп едік, ондай беттер табылмады. Алдағы күндер Биағаңдар жазатын заман көші жайлы ащы шындығы бар газет сандарын көзіміз шалып жатса, жариялауға бармыз.
Газеттің көркемделуі, безендірілуін айтып жатудың өзі артық – өте жұтаң. Тіпті, әріптік қателерді былай қойғанда, сөйлемнің мағыналық жағынан құралуы да ауыр. Бірақ қалай болғанда да, халықтың құлағы, көзі һәм тілі болған газет өзінің саркідір сақа оқырманынан ажырамады. Қандай қиын заманда да өзінің салмақты әрі сарабдал ойын жеткізумен келеді. Міне, ғасырға жуық жасаған баспасөз қарашаңырағы тарихының бір парасы осындай.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ