Жаңа өмірге қадам
Бүгін Рудный қаласының әкімдігінде «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттау ресімі өтті.
Салтанатты шараға әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Елена Скаредина мен білім бөлімінің басшысы Қайсар Қанешов, озат оқушылардың ұстаздары мен ата-аналары қатысты.
Биыл қала аумағында 447 жас түлек мектепті аяқтап, ересек өмірге қадам басты. Олардың қатарында 8 мектеп бітіруші үздік аттестат иегері атанса, 7 шәкірт «Алтын белгі» төсбелгісіне қол жеткізді. Олар №4 мектеп-лицейдің түлектері Михаил Борисов, Константин Шаяхметов, №5 гимназиядан Әнуар Базарбаев, №10 мектептің қос шәкірті Бақытбек Қуанышпаев пен Кирилл Жигайло, №17 мектептен Мирас Сәрсенбаев, №19 мектептің мақтанышы Лаура Ешназарова. 11 жыл бойы үздік оқып қана қоймай, республикалық және халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары атанған мектеп түлектеріне әкім орынбасары төсбелгі мен планшетті сыйға тартты. Үздің оқушылардың ата-аналары да ескерілусіз қалмады. Оларға білімді де, озат ойлы ұрпақ тәрбиелегені үшін қала әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Жеті «Алтын белгі» иегерінің ішінде жалғыз қыз бала Лаура Ешназарова болашақта «журналист» мамандығын игеріп, қазақ журналистикасының дамуына өз үлесін қосуды армандайды.
– Журналистика – өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жұртпен бірге сезіп, соны жақсарту немесе халыққа жария ету жолында жаныңды салуға міндеттейтін жауапты мамандық. Мен кішкентай кезімнен көгілдір экрандағы аға-әпкелеріміздің ақпарат жеткізу жолындағы жанқиярлық еңбектерін көріп, қызығып өстім. Сондықтан осы саланы таңдап, білікті және, ең бастысы, халыққа қажетті маман иесі болғым келеді, – дейді ол.
Айта кетейік, санаулы күндерден кейін жас түлектер өміріндегі ең маңызды сынақ – ҰБТ-ны тапсырмақ. Біз ата-анасы мен мектептің көз қуанышы және мақтанышы болған жастар бұл жолы да үмітті ақтайды деген сенімдеміз. Ендеше, іске сәт!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ