Абзал жандар ардақталды
Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осыған орай, облыстық филормонияда салтанатты жиын болды. Медицина қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ақ желеңді абзал жандардың халық алдындағы жауапты еңбектері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, әкім өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді де атап өтті.
Соңғы жылдары еліміздің медицина саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Ұлт саулығын нығайту мақсатында қолға алынған бағдарламалардың арқасында адамның өмір сапасын арттыруға, соның ішінде туберкулез бен онкология сияқты әлеуметтік аурулардың санын азайтуға жағдай жасалды. Сондай-ақ, “Денсаулық” бағдарламасы аясында да скринингтік зерттеулер жүргізу, ұлт саулығының көрсеткіштерін жақсартуға да барынша назар аударылуда. Елбасы тапсырмасы бойынша бүгінге дейін елімізде 350-ге жуық дәрігерлік-амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынса, соның 16-сы біздің облыста бой көтерді. Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының да көлемі жыл сайын арта түсуде. Сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасына да ерекше көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде 2 млрд теңгеге жуық медициналық жабдықтар сатып алу жоспарланған.
-Бүгінде Қостанай облысында 517 медициналық нысан халыққа қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жұмысқа сегіз мыңға жуық дәрігерлер мен мамандар жұмылдырылған. Сондықтан, осы салада еңбек етіп жүрген сіздердің адам өмірі мен денсаулығы үшін жасаған қызметтеріңізге бүгінгі мерекеде шынайы алғысымды біолдіремін. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбекте табыс тілеймін, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Жиын соңында денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп келе жатқан бір топ медицина қызметкерлері “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін”, “ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгілерімен, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай