Бейімбеттің монологы

IMG_8007цвЗұлқарнай Алдамжарұлы
атындағы сыйлық иелері
Тоғайбай Бабыр
Әулиекөл ауданы
 
 
 
 
Тірліктің иесі, тыңдағын!
Жеті қат жерасты мекенім,
Мындамын.
Өлгеннің өресін көтеріп көкке бір,
Келді ме, ақынды құндағың?!
Сезім бар, көзім бар көретін,
Істер бар, түстер бар ұйқымды бөлетін.
Жазуды қойғанмен жыр жағын,
Қазақтың байырғы нақылы күшінде,
Ас бердің байлығың сарқылмас үшін де.
Аруақпын, ырзамын.
Заман-ай, жер бетін басты лаң,
Халқыма жау болып атанып,
Дегем жоқ ешкімге қас қылам.
Оғы да жетпейтін садақтың тартылған,
Биікте найзағай отына шарпылған,
Мен едім жас қыран!
Қазағым, мазағы болдың ғой талайдың,
Мен бүгін сендерге үмітпен қараймын,
Түнектің астынан!
Тұрған шақ көкейден жыр атып,
Елімнің жүрегін езгілеп аяусыз,
Көз жасын бұлатып.
Біреудің іске асып жасырын жоспары,
Келді де халқының "жанашыр достары",
Әкетті өзімді, жарымды құлатып,
Баламды жылатып,
Сонан соң зорлық көп мен көрген,
Сонан соң еш нәрсе сендерден,
Алғам жоқ сұратып.
Халыққа "жау болдым", Аллам-ай,
Өлдім мен, бірақ ел,  хош айтты қарғамай.
Мен өзім адалмын, тазамын,
Деп мені нұсқаған қазағым.
Тірлігің тәтті ме, қал қалай?..
Кім білген сен бәлкім көмілген  шығарсың,
Көмілген сәтіңде-ақ көңілден  шығарсың.
Жалған-ай,
Әнекей!..
Күйді жан тозақта айналып елеске,
Осы бір зор дауыс сенікі емес пе?..
Арман-ай,
Қамауда, қапаста кеткені-ай мазаның,
Өлгенше күн-түні естідім азалы үн.
Түс көріп оянсам алады тор күтіп,
Соққыдан сүйегім шор бітіп,
Жүз түрін көрдім мен жазаның,
(Олардың асығы түгел-ді),
Тірлікте мендегі жігерді,
Жеңе алмай қажыған азабың,,
Сан түндер тепкімен талдырып,  ұйықтатып,
Тепкімен оятқан, қазағым.
Қалды ғой тұнбастай ылай боп сан  айдын,
Киянат болса да көргенім,
Тірлікке шөлдедім,
Тас түрме ең соңғы мен көрген  "сарайдың"!
Байлықтан кеткеннің құтырып,
Тілменен терісін сыпырып,
Шенедім шеніне қарамай талайдың.
(Оны мен ерлікке балаймын).
Аруақтар адалды жебейді,–
Дейсіңдер – ол рас,
Бірақ мен көрден де сын көзбен қараймын.
Жағымпаз жармасқан "тақтарға",
Бас бұрмай,
Асықтым ақ таңға.
Шарқ ұрып шықпақ ем шындықтың шыңына,
Кедергі көп болды мұныма,
Тер төктім сан талай шатқалға,
Соны ойлап жұмақта жүріп кең,
Сайрандай алмаймын күліп мен,
Хауазды абат бір бақтарда.
"Жағдайы келмей жүр текті ұлдың,
Дұғамнан дәмелі!"– деп білгің!
Тобылым тым қатты бұлқынған шақтарда,
Қатал да қастерлі, қазағым,
Сол болып жеткені шаманың,
Аңқаулау ақынды жаламен қамадың,
От-ғұмыр солайша үзілді,
Ал, бүгін тойлатып төріңде,
Келді ме көңілдің жыртығын жамағың!
Тірлікте жырлаған тілменен жарлысын,
Айтылмақ өзіңе алғысым.
Іске асты бүгінгі ақ ниет амалың.
Қасыңда қаққыш дос жоқ па еді арқаңнан,
Өзіңе шошайтар саусағын қан тамған?!
Ғайыптан жалт берсе заманың,
Жан ашып айтамын,
Байқағын,
Байқағын!
Тірліктің иесі, тыңдағын!
Жеті қат жерасты мекенім,
Мындамын.
Өлгеннің өресін көтеріп көкке бір,
Келді ме, ақынды құндағың?!
Сезім бар, көзім бар көретін,
Істер бар, түстер бар ұйқымды бөлетін.
Жазуды қойғанмен жыр жағын,
Қазақтың байырғы нақылы күшінде,
Ас бердің байлығың сарқылмас үшін де.
Аруақпын, ырзамын.
Ырзамын!..

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓