Эргешвой ХОЛМЕТОВ, Қостанай облыстық тәжік-өзбек мәдени орталығының төрағасы: “Құт мекенім – ҚАЗАҚСТАН”

ЭргешвойАстана қаласында Елбасының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы "Қазақстан–2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті" тақырыбына арналғаны баршамызға мәлім. Осынау маңызды жиынға Қостанай өңірінен де 20-дан астам делегат қатысты. Солардың құрамында "Шарақ" тәжік-өзбек мәдени орталығының төрағасы Эргешвой Холметов та болған еді. Бүгін сол аталмыш орталықтың төрағасымен сұхбаттасудың сәті туды.
– Эргешвой аға,   Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті 21-ші сессиясына арқау болған негізгі тақырыпқа тоқталып кетсеңіз?
– Қазақстан халқы ассамблея-сының кезекті 21-ші сессиясы еліміздегі бейбітшілік пен келісім мәдениетіне арналды. Ауқымды шараның тақырыбына ауыз-біршіліктің арқау болғаны тегіннен тегін емес. Себебі, ел ішіндегі біртұтастықтың арқасында Қазақстанның экономикасы алға басып, халықтың әл-ауқаты артты.
Елорда төрінде өткен шарада республикамыздың түкпір-түкпірінен делегаттар болды. Қостанайдан 27 адам қатысты.
Онда Елбасы ең алдымен елі-мізде ұлттардың этнос, тіл, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқылы екенін қадап айтты. Яғни, ортақ Отанымыз Қазақстанды мекендеген өзге этнос өкілдерін алалауға ешкімнің қақысы жоқ.    Екіншіден, зайырлы мемлекетімізде барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетілетінін, әркімнің таңдау еркіндігінің бар екендігін алға тартты. Шындығында, конфес-сияаралық толеранттылықтың мұндай үлгісі әлемнің еш жерінде жоқ.
Мемлекет басшысы елдегі біртұтастықтың салтанат құруына демеу болып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын ерекше бағалады. Және алдағы 2015 жылды – Қазақстан халқы ассамблеясының жылы деп жариялады. "Ассамблея мемлекеттік органдар жұмысына халықтың жемісті үн қатуын, барлық этностар өмірлеріндегі өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді" – деді Елбасы. Себебі, бейбітшілік пен татулық үстемдік құрған елдің бағындырар белестері биік болмақ.
– Осы жиында жергілікті мәдени орталықтарға қандай тапсырмалар жүктелді?
– Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының әрбір облыстағы бөлімшелеріне бірнеше тапсырмаларды жүктеді. Атап айтатын болсам, мемлекетімізде мекендеп жатқан ұлттардың бірлігін нығайта түсуге, татулық пен бейбітшіліктің нағыз үлгісін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бір адамдай атсалысатын боламыз. Осы белгіленген міндеттердің жүзеге асуына біздің облысымыз да өз үлестерін қоспақ. Осы орайда біздің облысымызда "Достық" үйінің бар екендігін және 18 этно-мәдени орталық жұмыс істейтіндігін мақтанышпен айтар едім. Солардың қатарында өзім басшылық ететін "Шарақ" тәжік-өзбек мәдени орталығы да бар. Астанада өткен алқалы жиыннан үлкен әсермен оралым. Алдағы уақытта біздің мәдени орталық төскейде малы, төсекте басы қосылып бір үйдің баласындай болып ғұмыр кешіп жатқан еліміздің ұлт болып ұйысуына бағытталған бір қатар ауқымды жобаларды қолға алуда. Ерекше бір тоқтала кетер жай, қазақ жерінде, қазақ елінде мекендеп  жатқан өзге ұлттарға барынша жағдай жасалып отыр. Мұндай қамқорлықты әлемнің басқа елдерінен кездестіре алмайсың. Ендеше бізге осындай жағдай жасап отырған мемлекеттің рухани, мәдени, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге үлесімізді қосудан аянып қалмаймыз. Біздің мәдени орталық облыстық "Дос-тық" үйінде орналасқан басқа да әріптестерімізбен бірлесе отырып, туған Отанымыз Қазақстан Республикасын гүлдендіру жолында аянбай еңбек етеміз деген сенімдеміз. Ең бастысы, бірлігі жарасқан Қазақстан мемлекетінің азаматы болғанымды мақтан етемін.
– Сіз бір жағы қазақ халқына күйеу баласыз. Әрі қыз беріп қыз алып отырған құдасы да болып келесіз. Осы қазақ елінің қандай ұлттық құндылықтары мен озық дәстүрлеріне тәнті болдыңыз?
– Иә, дұрыс айтасыз, үйдегі отбасымның ұйытқысы болып отырған жұбайым – өздеріңнің әпкелерің. Жалпы менің отбасым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ерекше мән береді. Оның да бір мәні бар, ұл-қыздарымның арқасында осынау дархан мінезді, қонақжай халыққа құда болып отырмын. Оған да шүкіршілік айтамын, әрі мақтан етемін. Ал, қазақтай ақ пейіл халықтың жомарттығына мәңгілік қарыздармыз. Мұны мен өзімнің ұрпақтарымның санасына сі-ңіріп өсірдім. Содан да болар, үлкен ұлым қазақ қызына үйленсе, қызым қазақ жігітіне тұрмыс-қа шықты. Қазір біз солардан немере, жиен көріп, тәтті қылықтарына сүйсініп отырмыз. Әсіресе, ата-әже деп еркелегенде іш-бауырың елжіреп кетеді екен. Сол немерелеріме ана, жиендеріме әке болып отырған келінім мен күйеу балама қарап қазақ халқының ұрпақтарына берген тәлім-тәрбиесінің мықты екеніне көзім жетті. Осы уақытқа дейін олардың ешбір жаман жақтарын байқамадым. Қайта келінімнен инабаттылықты, күйеу баламнан парасаттылықты, тектілікті көргеніме дән ризамын. Ұлтым өзбек болса да қазақ тілін құрмет тұтам. Отбасында да қазақ тілінде сөйлейміз. Өсіп келе   жатқан немерлерім де, жиендерім де мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Осы елдің суын ішіп, ауасымен тыныстап, жасалып жатқан қомқорлықтарының шарапатын көріп отырған әрбір ұлт қазақ тілін білуі керек. Бұл біздің қасиетті парызымыз деп түсінемін.
Енді, мені ерекше тәнті қылған құндылықтарына тоқталсам. Ол қыз беріп, қыз алысқан құдалардың бір-бірін құдайындай сыйлап, жас болсын, үлкен болсын барын беріп төріне шығаратындығы маған қатты ұнайды. Алдағы уақытта да осындай құда-жегжат болып, бірлігіміз жарасып ғұмыр кешуге жазсын демекпін.
– Алтын уақытыңызды бөліп бізбен әңгімелескеніңізге көп рахмет!
Мешіт Ғазиз.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓