Ауыл. Сайтанкөл. Үш аққу

Зұлқарнай Алдамжарұлы  атындағы сыйлық иелері
IMG_8078цвАслан Қанғожин
Қостанай ауданы
 
(Бейімбетше)
 
Көркем де емес дара бір,
Көркейтіп тұрған көк белді.
Білерім – оны бар ауыл
Сайтанкөл атап кеткен-ді.
 
Жиналған сайға қар суы,
Пайдасына асты қауымның.
Саман құятын әр жылы,
Төрт-бес жігіті ауылдың.
 
Жағасы толып саманға,
Жазсалым еңбек қайнайтын.
Көктемде ел сол бір табанға
Көтерем малын айдайтын.
 
Түстене келген малшының,
Жатады қойы маңында.
Ішетін оның зәр суын.
Өрістен қайтқан табын да.
 
Қаттасып ауыл тірлігі,
Жататын әрі-сәрі боп.
Сол Сайтанкөлге бір күні,
Үш аққу мамырлады кеп.
 
"Жұптасушы еді үнемі,
Мұнысы несі апыр-ау?!
Қаратүбекте* біреуі
Балапан басып жатыр-ау…"
 
Аңтарылған Айдарбек**,
Ашпады әрі ол жағын.
"Жеріміз енді жайнар" деп,
Айтылды менің болжамым.
 
Не дерін бірер сәт күттім,
Келмеді оның сенгісі.
Мен айтам: сұлу, пәктіктің –
Аққу емес пе белгісі!
 
Және де басқа ырым көп,
Қайсын айтайын құрғыры.
Көрінген шығар сұлу боп,
Ауылдың қоңыр тірлігі…
 
 
 – біздің ауыл жанындағы қопалы жер, Қаратүбек қорымының маңы.
– құрдасым.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓