Бимұхаммет – Бейімбет

IMG_8043цвАңсаған Атымтаев атындағы сыйлық
Нұрқанат Құлабаев
 
Бұрынғының байы менен бағланы,
Би-шешені, батыры мен оғланы.
Батысына бәтуасыз бас иіп,
Қалың елдің бола алмады қорғаны.
 
Сарайлардың  алтындатқан уығы,
Малайлардың табанында құрыды.
Құлға тіктеп қарай алмай  хан ұлы,
Би шапаны битке жем боп шіріді.
 
Құтан құлқы төске шауып емініп,
Дүлей күшке ие болды шебі нық.
Дала жатты тарихынан жерініп,
Диуана кейпіне еніп демігіп.
 
Елдің оты сөнбесін деп оғаш күн,
Ұл мен қыздың, қатын менен  қалаштың,
Cары бала, қара қазан қамы үшін,
Көк байрағы көтерілді Алаштың.
 
Жанын жалдап жанұшырып ұлт үшін,
Азапқа  ауыр алмастырды күлкісін.
Қазақ тәуір жұрт  болса екен деп тілеп,
Алаш Ұлы ұмытты түн ұйқысын.
 
Атамекен – алтын қазық, ұяны,
Жат қолына қайтіп енді қияды?!
Қамсыз жұртты оятам деп жан кешті,
Алаш туы астындағы зиялы.
 
Қобыландыдай бабалардың, шіркін-ай,
Батырлығын берер ме екен, бұл Құдай!
Алпамыстың  алпыс күндік ұйқысын.
Мұра қылып алып қалған жұртым-ай!
 
Алаш туы өрлік пенен ерлікті,
Мақсаттар мен мұраттарды ең мықты,
Сайын дала сахараға септі де,
Селдіреген ел санасын сергітті.
 
Біздер күнде айтатұғын бүгінгі,
Ұлт қаруы ете білді білімді.
Рух қаруы ете білді түбімді,
Тамырымды, тарихымды, үнімді.
Еркіндікті, ізгілік пен ілімді,
Әр қазақтың кеудесіне сіңірді.
Алаш үшін арпалысқан арыстар,
НКВД тізіміне ілінді…
 
*****
Бәсі басым бәлшебектің араны,
Жаншып бәрін, жан шыдатпай барады.
Кең даланы тар қапасқа тоғытты,
Зәрін шашқан замананың ауаны.
 
Аймауытов, Майлин сынды алыпты, 
Осы дәуір туғызғаны анық-ты.
Жүсіпбек пен Бимұхаммет қазақты,
Қара сөздің құдіретімен  танытты.
 
Рухы биік, әлмисақтан айбынды,
Екеуі де Алаш үшін қайғырды.
Жүсіпбекті ұстаз тұтты Би аға,
Аймауытов қадір тұтты Майлинді.
 
Ерте, кеш пе кететінін атылып,
Аймауытов сезген сынды нәті нық.
Інісіне ақыл айтты бір күні,
Майлинді алды дағы шақырып:
 
Інім, аңда мынау қырын қисынның,
Шоқтығы өр "Шұғаңды" оқып  сүйсіндім.
Қара сөздің қос қанаты екеуміз,
Екендігін енді ғана түйсіндім.
 
Кедей жұртқа көңіл бөліп баса інім,
Шұға тілді шын проза жасадың,
Тарих жайлы тақырыпты жаба тұр,
Байқа мына кәмүністің қасабын.
 
Сенің мұңың – елдің мұңы, Би інім.
Жазғаныңа бек ризамын, иідім,
Алда әлі алар асу, биігің.
Қалай-қалай құбыларын бірақ та,
Білмей далмын мынау заман күйінің.
 
Бұл саясат өзектегі құрт сынды,
Жеті басты жайын ауыз жұт сынды.
Бимұхаммет деген сөзден кір тауып,
Байшылсың деп бетке басар ныспыңды.
 
Бимұхаммет, тыңда мынау датымды,
Алты алашың ардақ тұтқан хатыңды,
Бейімбет деп жазсаң екен сен енді,
Заманыңа сәл бейімдеп атыңды.
 
Аттап кетпей Жүсіпбектей дарынды,
Жақсы! – деді  жас жазушы жалынды.
Содан кейін айбоз ұлы Аяттың,
Алты алашқа Бейімбет боп танылды.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓