Сынақтың жаңа форматы
Мектептердегі мемлекеттік емтихан осы жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының бір бөлігі ретінде қабылданған еді. Ел бойынша мектептердегі қорытынды аттестациялау 29 мамырда басталған. Қостанай қаласында 800-ге жуық оқушы аталған сынақтан күні кеше өтті. Мұғалімдер түлектердің орфографиялық және лексикалық қателерін ғана терген жоқ, олардың өз ойларын жеткізу, ұстанымдарын нақтылай алу қабілеттерін тексерді.ҰБТ үрдісінде, пәндер саны бұрынғыша сақталғанымен, өткен жылғыдан айырмашылықтар аз емес. Кейбір дисциплиналарда тестілеуді эссе мен бақылау жұмыстары алмастырды, емтихан өткізетін орын да ауысты. Бастысы, бағалау, қадағалау тәртібі бұрынғыша. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, емтихандар барлық мектептерде ешқандай ереже бұзушылықсыз өткен. Қазірден бастап, түлектер ЖОО-на түсуге қажетті барлық құжаттарды реттестіруге кіріскен.
Еске сала кетейік, ҰБТ-ның жаңа форматы екі блоктан тұрады. Онда 20 тапсырмадан құрылған үш міндетті пән бар: математика, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Бейіндік пән екеу, олар – 30 тапсырмадан. Кәсіптік пәндер тестілеуі 20 сұрақтан түзіледі, олардың әр қайсысының бір немесе бірнеше дұрыс жауабы болмақ. Бұл формат талапкерлердің "тисе терекке, тимесе бұтаққа" түсінігіне кедергі болады деп күтіледі.