ГАЗ ҚОСУДЫҢ ҚАМЫ
Тобыл өңірінде соңғы төрт жыл көлемінде жүргізілген газдандыру жұмыстарының нәтижесінде 179 390 шаңыраққа көгілдір отын енгізілді. Жергілікті билік пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы арасында жасалған "Газ тарату жүйелерін тарту, техникалық жабдықтау" меморандумы аясында 2016 – 2020 жыл аралығында облыстың елді мекендерін газдандыруға 13,4 млрд теңге жұмсалды.
Облыс әкімдігінде өткен жиында осы бағытқа биыл да 3,32 млрд теңге бөлу жоспарланғаны белгілі болды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы басшысының есебіне жүгінсек, айтулы қаржыға үш жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Б.Майлин ауданына қарасты Тобыл кентіне, Жітіқара қаласының шығыс бөлігіне және Алтынсарин ауданына қарасты Үлкен Чураков ауылын газбен жабдықтау жұмыстары қолға алынады.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, осы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде облыс көлеміндегі табиғи газ тұтынушыларының санын 179 390-дан 183 200-ге дейін арттыруға болады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы басшысы мен сала мамандарының есебіне қаныққан облыс әкімі айтулы жобаларға қатысты кейбір мәселелерді пысықтап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді.