Антирекорд: Нан бөлкесі – 200 теңге

Қостанай облысында жоғары сұрыпты нан бөлкесінің құны 200 теңгеге жетті. Дәнді өлкеде мұндай баға бұрын-соңды болмаған, деп хабарлайды Экспресс К.
Нан зауыты басшыларының айтуынша, бұған нарықтағы  бірінші сұрыпты ұнның тапшылығы себеп. Сондықтан бағаны өсіру – мәжбүрлі шара. Қостанай астығы шетелге сатылып кеткен. Ал анағұрлым арзан шикізатпен Ресей қамтамасыз етіп отыратын, қазір көрші ел импортқа шектеу қойды.
"Мінекей, нәтижесі осы. Өткен аптада маған бірінші сұрыпты ұнның келісі 250 теңгеден ұсынылды. Оның алдындағы аптада бағасы 205 теңге еді. Қаңтарда 145 теңгеден асқан жоқ. Қазір наубайшы кәсіпкерлерде дотация да жоқ. Әдетте ұнның 20 тоннадай апталық қорын ұстап отыратын едік. Қазір ондай мүмкіндіктен де айрылдық. Артық ақшамыз жоқ, айналымда жүр. Қаптың түбін қағып отыруға әдеттеніп барамыз. Дефицит аяқталса да бағаның қайтадан төмен сырғитынына күмәнім бар , -дейді қалалық нан зауытының директоры Сергей Юрченко.
Керісінше, "Тобыл" ӘКК" АҚ департаментінің  басшылығы тұрақтандыру қорында 5 мың тоннадай бірінші сұрыпты ұн бар екенін айтады. Бірақ ол тек әлеуметтік нан пісіруге ғана пайдаланылады. Ал аталған зауыт үшін нанның бұл түрін пісіру қарайған шығын көрінеді.
"Әлеуметтік нанның әр бөлкесінен 32 теңгеге ұтыламыз. Айлық шығын – 1,5 млн теңгедей. Десе де қаладағы супермаркеттер мен бірнеше ауданды қамтамасыз етеміз. Сондықтан бағаны көтеуге мәжбүрміз. Тұрақтандыру желісі арқылы түсетін ұнның арзандығы шығынымыздың әрі кеткенде 40%-ын бүтіндейді", – дейді зауыт директоры.   
Бүгінде ұсақ наубайханалар тарихы терең зауыттың бәсекелесіне айналған. Бұған дейін күніне 10 мың дана өнімге тапсырыс түссе, қазір ол 3 мыңға кеміпті. Зауыт басшылығының өңірдегі ұн жетіспеушілігін биылғы орақ маусымы толықтырар деген үміті бар. Әйткенмен бидай бағасының қалай болатыны әзірге белгісіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓