Көңілі даладай, қылығы баладай
Қаламдастар хақында әңгіме-дүкен құрғанда
"Трамвайды бүйіріндегі нөмірімен күткенмін"
Ақын Серік Тұрғынбекұлы мен сатирик Тұрсынбек Токин трамвайды аялдамада біраз тосыпты. Досының танысымен әңгімесі ұзаққа созылғасын Тұрсынбек оны алдағы аялдамалардан қарсы алуға келіседі. Содан бір сағат өтеді, Серік жоқ. Әлден уақытта "Манадан бүйіріндегі үш орынды (инвентарь нөмірі) санға қарай-қарай шаршадым"-дейді ол түсіп жатып.
Не десін, маңдайындағы нөміріне үңілмеген ақынның аңғал мінезіне Тұрсынбек шегі түйілгенше күле беріпті, күле беріпті.
"Баласының бетінен сүю керек"
Облыстық "Коммунизм таңы" (Қазіргі "Қостанай таңы") газетінің белді қызметкері, қарымды қаламгер Аңсаған аға Атымтаев іс-сапарға аттанарда жас журналистерге "Мейманханасы жоқ жерде бейтаныс адамның үйіне кірген бетте алдыңнан шыққан баласының бетінен сүюді ұмытпа. Бұл әдісің үй иелерінің оң қабақ танытуына бірден-бір себепші" деуге ерінбейтін.
Тәжірибеге бай Аңсекеңнің ақылы қаталдық билеген мына заманда керек-ақ.
"Әбекеңдердің үй-іші аман ба?"
Ақын інім Нағашыбай (Мұқатов) Арқалықтағы інім Амантайға телефон шалып, барлық туыстың амандығын біліпті де, соңында "Әбекеңдердің үй-іші аман ба?" деп тоқтапты.
Артынан маған "Нәкең қызық. Әбекеңнің біреуі қайтыс болғалы қашан. Қазір көпше айтуға жарайтын нағашы жұрт қалды ма?" деп таңданып еді Амантай.
Жақсылық Жүнісұлы.