Ұсталған шұжық жейміз бе?
Ассалаумағалейкум, Усой-қы! Қадамыңыз құтты болсын!
Бұрынғы "Быды-быдымен" де ептеп досжар едік… "Ал ен-ді, бала қоржыныңда не бар?" демексіз ғой. Қоржын қайда қашар дейсіз, мені қинаған мына жай. Турасын айтсам дүкенге барам деп дүдамал күй кештім.
Сорақысы сол тағамдардың да "ұсталғаны" шығатын болыпты. Бұрын-соңды бұлай затқа ғана айтушы еді. Бұрын қолданыста болған нәрсені жарнамалағанда"БУ" деп жатады ғой. Тіпті, бүгінде біреу бірдеңе алса сұрайтын болдық "Бу жаңа ма, әлде су жаңа ма?" деп. Қызық, қалай байқамағанбыз мына қысқарған сөз шала қазақтар сияқты, шала орыстарға "Бурын усталған" болып көрінуі мүмкін екен-ау.
Хош. Сонымен істің тоқетеріне көшейін. Дүкеннен шұжық алайын деп барғам. Бір әдемі шағындау, күреңдеуіне көзім түсіп кетіп, шалқамнан түсе жаздадым. Себебі, оның беліне "жартылай ұсталған шұжығы" деп жазып қойыпты. Ойым сан-саққа кетті. Біреудің ұстаған, қолданған шұжығы ма? Кімнің шұжығы болды екен? Япыр-ай, енді біреудің қалдығын жейтін болғанымыз ба? Бұл қалай болғаны? – деп.
Жан-жағыма жәутеңдеп, мүсіркейтін жан көрінбегесін күрең шұжықты қайтып айналдыра бастадым. Әлде кеденде ұсталып қалды ма екен?… "Бақсам бақа екен" дегендей, құдай дес бергенде шұжықтың астыңғы жағында "колбаса полукопченная" деген орысшасы бар екен. Бар екен деймін, басында да бақырайып тұр. Әй, осы біздің жоғары жаққа қарай бермейтін жалтақтығымыздың кесірі-ай. Орысшасы қос-қостан, қазақшасы құр жұтаң. "Качество достойное внимания" дейді. Пәлі! Сапасы солай-ақ болсын, ал қазақ сөзінің "дәстойный кәчествасы" қайда қалады?..
"Полукопченная". Демек, бұл "жартылай ысталған шұжығы" болғаны ғой. Қой, қорықпай ала берейін дедім. Бірақ, адам бір секем алғасын болмайды екен. Қолымды іле тарта қойдым. "Жоқ. Қазір қағаздың сөйлеген заманы. Халық жазуға сенеді" деп ойладым.
Құрметті Усойқы! Сізден өтініш, бізге қарағанда қолыңыз ұзындау ғой, осының анық-қанығын біліп бермес пе екенсіз?.. Әйтпесе, "ұсталған шұжық" жей береміз бе?
"Мың естігеннен бір көрген артық" деген. Көзіңізбен көрсін деп "КАРАСУ ЕТ" шұжығын суретке түсіріп, кәртішкесін қоса жіберіп отырмын.
Сәлеммен Мыжы.
Арқалық қаласы.