Айт мерекесі құтты болсын, ағайын!

Әлемдегі күллі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке саналатын – Ораза айт мейрамы басталды. Бір ай бойы Алла Тағаланың разылығы үшін ораза тұтқан ағайын мешіттерге келіп, қауышып, бір-бірін құттықтап жатыр. Біздің облысымыздағы жамағат та бұл қасиетті мерекені ерекше қуанышпен қарсы алуда. Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Алла Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. IMG_5182Рамазан айы тек таң атқаннан кеш батқанға дейін ас-судан бас тарту емес, Ұлы Жаратушыға деген сеніміңді арттырып, иманыңды күшейту, адам баласының өзін түрлі нәпсіден тию айы. Ораза тұту мұсылмандықтың бес парызының бірі саналады әрі бұл айда неғұрлым көбірек жақсылық, қайырымдылық жасауға асығады. Ал қасиетті рамазанмен қимай қоштасқан жұртшылық келесі жылға аман-есен жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Бұл мейрамның негізгі ерекшелігі –  адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады.
Мерекенің алғашқы күні облысымыздағы мұсылман жұртшылығы таң атқаннан ғибадат үйлеріне келіп, айт намазын оқумен бас­тады. Облыстық Марал Ишан мешітіне келген ағайынның да қарасы көп. Имам келгендерге ұлық мерекенің маңызын, артықшылығын жеткізіп, рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын мәртебесі зор мереке саналатынын айтты. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді деді. Сағат таңғы 7.00-де барлық жамағат сап түзеп, ниет етіп, мерекенің құрметіне арналған құлшылығын өтеп болған соң, айт намазының құтпасы айтылып, соңынан құран бағышталды. Мешіт сыртында мерекелік жәрмеңке мен қайырымдылық шарасы жалғасты.
Қазақ халқы да сан ғасырлардан бері осы ұлық мерекені ерекше құрметпен атап өтіп келеді. Әрбір шаңырақта шелпек, бауырсақ пісіріліп, бұл күннің қадірін әдеттегіден де арттыра түседі. Мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Арада қаншама заман өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше, жыл өткен сайын артып келеді.
Ораза айт мерекесі құтты болғай! Бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болып, мәртебесі арта берсін!
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓