ЖАЗУДЫҢ ДА ЖАЗУЫ БАР…

Еліміздегі жетекші басылымдарда жарияланған Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының көпшіліктің көңілінен шыққаны мәлім. Бас мақала басылысымен, әрбір тармағы талқыға салынып, ондағы құндылықтар мен келелі мәселелер жұртшылықтың ортаға салар әңгімесіне айналды. Мұнда қуаттайтын дүние көп. Ұлттық болмысымыз, қазақы қасиетіміз, төл тарихымызды зерделеу мәселелері қаракөздеріміздің жанына майдай жақты. Ал, қазақ алфавитін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру қазақстандықтардың ғана емес, өзге мемлекеттердің де назарын өзімізге аудартты.жазу
Қазақстанның саясаты мен экономикасын ұдайы назарда ұстап жүрген Ресей сарапшысы Дмитрий Журавлевтің пайымдауынша, қазақ елі латын алфавитіне көшу арқылы түркі халықтарына біртабан жақындай түспек. «Ұлттық болмысы мен мәдениеті, тілі мен діні ұқсас мемлекеттер жазу, сызуын бір жүйеге көшіру арқылы бір-бірін жақсы түсінетін болады. Түркі елдерінің тарихын тереңірек зерттеп, мәдениетін өркендетуге жол ашылады» – деген пікірін білдірген еді. Еуразиялық экономикалық кеңес институтының директоры Владимир Лепехин де, осы ойды ұстанатынын жеткізді. «Еуразиялық позициядан қарайтын болсақ, Қазақстанға түркі мемлекеттерімен бір бағытта болғаны дұрыс. Қазақстан латын әрпіне көшу арқылы ұлттық мүддесін қорғауды, оны дамытуды қолға алуды жоспарлаған», – дейді ол.
Көрші мемлекеттің белді сарапшылары осындай ой білдіріп жатқанда, бәзбіреулердің  қазақ елін келекеге айналдыруға тырысқанын да көрдік. Әсіресе, ресейлік әртістер мен шоумендер арзан әзілге қарық болды. Мысалы, Ресейдегі белгілі шоумен Иван Ургант өз бағдарламасында Н.Назарбаевтың мақаласын талқылай келе, алфавит мәселесіне ерекше тоқталды. «Латын әрпіне көшкен жағдайда, қазақтардың өзіне көптеген сөздерді айту қиындай түседі. Мәселен, көпшілікке белгілі «Ты где? В Караганде!» деген әзілді айтқанда, қала атауын жұмсартып, «р» әрпіне салмақ салмай, бұрмалап айтатын боламыз», деп әзілдемек болған еді. Әңгіме арқауына айналған шаһар атауының дұрысы – «Қарағанды» екенін ескерер болсақ, шоуменнің қаланы өз тіліне бұрмалап айтып отырғанын аңғару қиын емес. Біздің орысша атауларға әбден етіміз үйреніп кеткен. Көбіміз бұған жете мән де бермейміз…
Тек, қазақ сөздерінің ғана емес, көптеген елдердің сөздерінің санамызға орысшаланып сіңісіп кеткені ащы да болса, шындық. Мысалы Жапония (Нихон), Мексика (México) Испания (España) Түркия (Türkiye), Париж (Paris) атаулары негізгі түпнұсқасынан емес, көршілерімізден баламаланған. Латын әрпіне көшкен жағдайда, біздің (болмаса ұрпағымыздың) өзге ұлттардың тілін айтылуынша қабылдап, орыс тілді психологиялық құлдықтан құтылатыны анық. Мұны, латын әріптерінің артықшылықтарының бірі деп есептеңіз…
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ҰБТ-ның мың құбылуының салдарынан қазақстандық түлектер алыс-жақын шет елдерге оқуға легімен аттануда. Әсіресе, Ресейді бетке ұстағандар көп. Өкініштісі сол, кеткен балалардың дені оқыған жағында қалып жатыр. Болашақта қазақ елін көтеруі тиіс ұлт ұрпағының Отанына оралмауы – Қазақстанның көркеюіне барлық жағынан да әсер етеді. Латын әрпіне көшуіміздің өзі ұлтымыздың саналы ұрпағын өз елімізде сақтап қалуымызға сеп болары анық.      
Көшу мәселесіне келер болсақ, мұнымен еліміздің білім министрінен бастап, оқымысты, ғалымдары айналысуда. Елбасымыздың тапсырмасына сай осы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау қолға алынады. Яғни, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жақын уақытта арнайы топтың жасақталып, латыншаға көшкен елдердің тәжірибелерін зерделеуге баратындығын мәлімдеген еді. «Латын әрпіне көшкен елдердің жіберген қателіктері мен ескермеген мәселелері  біздің назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Осының барлығын ескере отырып, біз жаңа жүйеге еш қиындықсыз көшетін боламыз» – деген еді ол.
Тарихқа зер салар болсақ, расымен де, Түркия мемлекеті (1928 жылы) латыншаға бір жылдың ішінде көшіп алған. Ең алдымен, аталған мемлекеттің оқымыстылары мен зиялы қауымы, сала мамандары әріп, көшу мәселесін талқыға салып, негізгі бір шешімге келеді. Бұдан кейін, әкімшілік ресурстың барлығы да осы іске жұмылдырылады. Нәтижесін көзіміз көріп отыр.
Ал Түркменстан (1992 жылы), Өзбекстанда (1993 жылы) бұл іс біразға созылған. Ашық дерек көздеріне жүгінер болсақ, жаңа алфавит құру барысында сала мамандары лингвистердің ақылына құлақ аспаған көрінеді. Мәселен, өзбек дыбыстарын таңбалауда екі немесе одан да көп әріптердің қосындысы пайдаланылған. Олар өзбек тілінде бір мағына берсе, өзге тілдерде басқа дыбыстарды білдіретін көрінеді). Осы тектес олқылықтардың салдарынан әріптерді бірнеше рет реформалауға тура келіпті.
Латын әрпіне көшкендердің ішінен Әзірбайжан мемлекетінің (2001 жыл) тәжірибесін бөліп қарауға болады. Айтулы елде дыбыстардың таңбалануынан бастап, әріптердің қолданысқа енгізілуіне дейін біркелкілік сақталыпты. Жұмыстың жақсы қарқынды жүргізілуіне – латын әрпіне ерте көшкен Түркі мемлекеттерінің ықпалы күшті болған деседі.  Елбасымыз атап өткендей, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Ендеше, іске сәт!
 
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты».
Нұрсұлтан Назарбаев, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓