Ақылбек Шаяхмет: «Ұлттық құндылықтарды қазақтың кез келген перзенті сақтауы керек»
Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында бұқаралық және көрме жұмыстары бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтарды сақтау» тақырыбында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметпен кездесу өтті. Іс-шараға қаламыздағы жоғары оқу орындарының белсенді студенттері қатысты.
Аталған кездесу «Қоғамдық лекция. Қостанай» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеу туралы мәнді де мағыналы ой-пікірімен бөлісті.
-Ұлттық құндылықтарды қазақтың кез келген перзенті сақтауы керек. Мысалға тілді қазақтың қызы сақтайды деп есептеймін. Өйткені, орыста – родной язык, татарда – туған тіл, бізде – ана тіл. Қыз барған жерінде баланы бесікке бөлеп, бесік жырын айтады. Баланы әрі қарай тәрбиелейтін – ана. Әкенің ролін жоққа шығармаймын. Ер адам түзде жүреді. Ал, енді, қызымыз қытайға, түрікке кетсе, не болғаны? -деді Ақылбек Шаяхмет.
Кездесу барысында ақын ағамыз жастардың қойған сауалдарына жауап беріп отырды. Жас толқын «Қостанайдағы кезек күттірмейтін үш мәселені атайсыз ба?» деп сұрағанда Ақылбек Қожаұлы:
– Бірінші – тіл мәселесі. Екіншісі – тарихи жер-су атауларын қайтару жайы. Мысалы, осыдан он бес жыл бұрын Қостанай облысының картасын жасап, ежелгі тарихи атауларын қағазға түсірдік. Сонда Рудныйдың аты – Сарыбай, Затоболдың аты –Құттыоба, Таран – Әйет, Аманкелді – Батпаққара, Жанкелдин – Торғай, Боровской – Меңдіқара, Урицкий – Сарыкөл, Денисов – Түйемойнақ болатын. Өңірдегі бірнеше ауданның аттарын өзгертіп үлгердік. Өкінішке қарай, бәрін ауыстыра алмадық. Үшіншісі – мәдениет. Осы күні қаладағы мерекелік іс-шараларға шетелден әнші шақыртамыз. Бізге керек емес нәрсені жасаймыз, – деді А.Шаяхмет.
Жиналған жастар ақынның студенттік шағындағы естеліктері мен танымдық әңгімелерін ұйып тыңдады. Әсіресе, коньки туралы түсініктемесі әсерлі еді.
– Британ мұражайында сақтаулы тұрған алты жұп коньки Қостанай қаласының маңайынан табылған. Орыстың «конь» сөзінің мағынасы атқа қону, яғни, салт атпен жүру дегенді білдіреді. Яғни, коньки (қон, ки) – атқа мінгендей қон және аяғыңа ки деп тұрған жоқ па! Қазақ конькиінің тағы бір түрі «сойшаңғы» деп аталған. Оны көбінесе аңшылар пайдаланған. Сойшаңғы жылқының жіліншігін екі бөліп, екі басын қайқайтып, егеу арқылы жасаған. Қазақтар көк мұзда сырғанайтын сырғытпа немесе сойшаңғы деп атаған конькидің өзі қазақ даласында, Тобыл жағасынан табылып отыр. Бұл кездейсоқтық емес, – деді белгілі ақын А.Шаяхмет.
Қымбат ДОСЖАНОВА