Ақын жігіт пен парақор соттың айтысы

Ақын:
Халқыма ақын едім,  шашқан жақұт,
Шалқушы ем шабыттансам дастандатып.
Сот тақсыр, аманбысыз,
бердім сәлем,
Көрейін ақиқатты  аспандатып.
Сот:
Жоқ білем інім сенің  көрмегенің,
Шешімі қиын істер  тергегенім.
Шаруаңды білтелемей  туралап айт,
Білемін текке маған  келмегенің.
  Ақын:
Ағаға сәлем беру арман екен,
Жақсыларды көрмекке  жазған екен.
"Бір інім жүз граммды  жұтамын", – деп,
Аз ғана кінәлі боп  қалған екен.
Сот:
Жақсысын халық ардақ тұта ала ма?
Кіре ме береке мен  құт араға.
Статьясы ініңіздің  ауырлау ғой,
Сен оны аз ғана деп  жұқалама.
Ақын:
Жігіт еді өз ісіне  тыңғылықты,
Жүз грамм ішіп бәрін бүлдіріпті.
Бастығымен аз ғана ерегесіп,
Терезесін "Офистің"  сындырыпты.
Сот:
Кемі он жыл статьяның  осы мәні,
Прокурор қоспай қалай тосылады.
Бастығын ел алдында  боқтаса егер ,
Тағы бір "статья" қосылады.
Ақын:
Прокурордың талайын көрдім, аға,
Тек қана өзіңізге сендім, аға.
Полиция – милициядан  қайран болмай,
Шарасыздан алдыңа  келдім, аға.
Сот:
Сөзіңе інім сенің  сенемін ғой,
Шешетін мәселеңді  төремін ғой.
Жағдайы ініңіздің ауыр екен
Беретінің көп болса  көремін ғой!
Түйін:
Ақын жігіт:
Бір елдің бетке ұстар  байрағы едім,
Бұлбұлдай бақшасында  сайрап едім.
Қыран тұтқан қасқалар  қарға болып
     Жем болған құзғындарға қайран елім!
Абай Қажи.
Әулиекөл ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓