“Қостанай таңы” – халықтың тірегі
90 жылдық тарихы бар "Қостанай таңы" – жалпы халықтың газеті. Себебі осы газет арқылы елдің мұң-мұқтажы, жеткен же-тістігі, кейде жіберген кемшіліктері, шығармашылық адамдарының өлең-мақалалары жалпы халыққа ұсынылып отырады. Өзім студент күнімнен осы газет арқылы жалпы Қостанай өңірінің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырамын.
Бұл газет арқылы арқалы ақын аға-апаларымыздың шығармашылықтары да жалпы халыққа ұсынылып отырады. Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Дамир Әбіш сынды ағаларымызды осы газет арқылы танып біліп, шығарған кітаптарын іздеп, тауып құныға оқығанымды жасырмаймын. "Шұғыла", жастарға арналған "Жастар KZ", "Быды-быды" – жалпы шығармашылық адамдарына арналған бөлімдері халыққа танымал. Газеттің өзіндік айтары бар. Осы газет мені де біраз Қостанай өңіріне танымал етіп үлгіріпті. Елдің ішінде еселеп еңбек сіңіріп жүрген кісілердің еңбектерін насихаттауға мен де өз үлесімді қосып отырамын. Кейде, бейтаныс кісілер – сізді "Қостанай таңынан" көрдім, танимын, – деп өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп жатады. Шығармашылық адамына осының өзі қанат бітіріп, шабытын шыңдайды. Өзім ұстаз болсам да, шығармашылық менің өмірімнің мағынасы. "Қостанай таңы" газетінің ұжымына шығармашылық шабыт тілеймін!. Себебі , "Қостанай таңы" – халықтың тірегі.
Бағила БАЛМАШЕВА,
айтыскер ақын, Торғай аграрлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.