Боранды күн (Қаз-қалпында)

Бір күні бастық Абзалды қа-лаға баруға жұмсады. Жылжымалы вагонды тіркеген тракторшы жолға аттанды.
– Жолаушы адамды "Кировец" тракторының кабинасына мінгізсең де, вагонның ішіне жан баласын жолатпа, – деп инженер ескерту жасады. Абзал тек басшылардың айтқанымен ғана жүріп келді. Бастықтың сөзі оған заң.
– Абзалжан, күннің райынан күдіктенемін. Боран соғып кетпесе жарар еді. Қалаға жеткенмен, кері қайту қиын. Бүгін аялдап, таңертең ерте аттансаң қайтеді, – деген анасы.
1420428196_kys1– Апа, бастықтардың көңілін қалдыра алмаймын. Ертең де тығыз шаруа бар. Түн ортасына дейін кері оралуым керек.
Ақырын сөйлейтін ұлының алған бетінен қайтпайтынын білетін анасы тездетіп дастарқан жайды. Абзал тамақты үндемей отырып ішетін дағдысымен алдына қойыл-ған асты түгелдей тауысты. Қос қолын жайып, бата істеп сыртқа беттеді.
Алып кировецпен Абзал жолда келе жатыр. Тракторға мінсе, көңілі марқаяды. Қазір де көңілі шат. Ыңылдап әлдебір әнді әуелетті.
Тумысында әнді жақсы орындайтын. Дауысы құлаққа жағымды. Тек күні бүгінге дейін жанын жегідей жейтін оқиғадан соң өлең айтудан сап тиылды. Жұмыс істеп жүріп, ыңылдайтын әдетін де ұмытқан еді.
Сол оқиғаның өткеніне біраз жыл болса да, есіне қайта-қайта ала береді. "Неге мен сүйген қызымның ұсынысын қабыл алып, Алматыға бірге кетпедім?" деген сауалға жауап іздеумен күндер де, айлар да, жылдар да зымырап өте берді.
Басқаларға қарағанда бұлардың сыныбындағы оқушылар аса тату. Оныншы сыныптағы емтихандарды тапсырып болысымен жиналып алып ақылдасты. Бір-бірінен сыр жасырмай, ашық әңгімелесті. Абзалдың өнерге құштарлығын дос-тары құптады. "Сен суретті керемет жақсы саласың. Алматыға барып, бағыңды сына" десті құрбы-құрдастары.
Іштей олардың айтқанын құптағанмен, тәуекелге бел буа алмады. Дәмиламен оңашада сырласты. Он жыл бір партада қатар отырған қыздан ештеңені жасырмайтын.
– Сен білесің ғой, біздің отбасында он бір бала өсіп келеді. Ата-анама соларды бағып-қағып, өсіру оңай емес. Биыл оқуға бармай-ақ, отбасына қолғабыс етсем қайтеді, – деді Абзал ақырын сөйлейтін әдетімен.
Қызбен айлы түнде кездесіп, ауыл сыртындағы жиегіне қапта талдар өскен көлді жағалап,  серуендеп келе жатты. Ақырындап ескен самал жел бозбала жігіт пен бойжеткен қызға дем бергендей еді. Олар рахат сезімге бөленді.
Дәмила бозбала жігіттің сөзін үнсіз тыңдаған қалпы жақ ашпады. Абзал оның қолынан ұстады. Қыз аяғын сәнмен басып келе жатқан қалпы ойланды.
– Қандай уәж айтарымды білмеймін. Осы уақытқа дейін бала-шағасын асыраған ата-анаң ештеңеге зәру бола қоймас, – деді қыз сәл уақыттасын.
Абзалдың көңіліне оның сөзі қонса да, жеме-жемге келгенде білім іздеп, алысқа аттанудан тартыншақтай берді. Алматыға бармай, Дәмиланы "Жолың болсын" деп автобусқа мінгізді.
Сұңғақ бойлы, бұйра шашты Абзал бала кезінен үйдің шаруа-сын ұршықша үйірді. Мектепте техника бойынша білім алып, үйрену пәнін жақсы оқыды. Механизаторлық куәлік қолында. Соны кәдеге жаратты. Алдымен "Беларусь" тракторына мінді. Әкесі Алмасқа тартып, озат механизатор атанды.
Қыс өтіп, көктем де туды. Абзал Алматының халық шаруашылығы институтында оқып жүрген Дәмилаға үзбестен хат жазды. Қыз да жауап хатты күттірмейтін. Кішкенесінен бірге өскен олардың достығы махаббатқа ұласты.
Көктемгі егіс аяқтала бере жас жігітті аудандық әскери комиссариат шақыртты. Аяқ-қолы балғадай жігіт әскерге баратын болды. Абзал төрт жыл әскери-теңіз флотында міндетті қызметін абыроймен өткізді.
Жігіт алдымен Алматыға баруға шешім қабылдады. Дәмилаға жеделхат жіберді.
Ұшаққа мінгесін жігіт қатты қобалжыды. Дәмиладан жарты жыл бойы хат алмағанын есіне алды. Қаншама рет хат жазса да, қыздан жауап хат келмеді. Жасынан жуас мінезді Абзал сабырлылық танытты. Экономика факультетінде оқитын қыздың сабақтан қолы босамас деп ойлады.
Ұшақ Алматы аэропортына түс ауа қонды. Шағын чемоданды қолына ұстап келе жатқан Абзал қарсы алдынан жолыққан Дәмиланы көріп, қуанышы қойнына сыймады. Қызбен қол алысып амандасты.
– Әскери міндетіңді жақсы өтеп келуіңмен! – деп Дәмила ашық-жарқын ниет білдірді. Сосын соңынан еріп келген жігітті қолтығынан ұстап тұрып:
– Абзал, танысып қой, жерлесіміз Боран, – деп таныстырды. Абзал жүзі таныс емес жігіттің қыздың жанына еріп келгенін іштей ұнатпаса да сыр бермеді. Жымиып күліп, қыздың амандық-саулығын сұрады.
Дәмила жанындағы Боранның құлағына сыбырлап, бірдеңелер айтып еді, жігіт бұлардан алысырақ тұсқа барып тұрды. Абзал қыздың әлдене айтқысы келгенін байқап, құлағын тосты.
– Абзал, сенің шындықты сүйетініңді білуші едім. Өзің сезіп тұрсың ғой. Боранмен сөз байласып қойдым. Тағдыр осылай қалыптасты. Жүрекке әмір жүрмейді екен, – деді Дәмила. Қыз ішкі сезімін зорға жеткізгендей. Көзін жерге қадаған қалпы басын көтермей тұрып қалды.
Абзал денесін тоқ ұрьш өткендей селк етті. Шымыр денелі болып өскен мықты жігіт қыздың әлгі сөзінен кейін есінен танып қала жаздады. Ернін жыбырлатып, сөйлегісі келсе де, ештеңе айта алмады…
Қазірде сол оқиғаны есіне алды. Дәмиладан қалайша айрылып қалғанын бүгінгі күнге дейін түсінбей келеді. Іштей күрсіне береді.
Асфальт жолдың жиегінде тұрған жігіт қолын жоғары көтеріп, белгі бергесін Абзал тракторын тоқтатты. Кісінің көңілін қалдырмайтын әдетімен жағдайды білмек.
– Бауырым, көмектесе гөр. Ке-ліншегімнің аяғы ауыр. Қалаға тезірек жету керек, – деп қиылды жол жиегінде тұрған жігіт. Абзал кабина есігін ашып, жерге түсті. Жігітке жүзін бұрып қарап, "Боранбысың?" деді күбірлеп. Сосын:
– Көмегімді аямаспын-ау, кабина екеуіңе тар. Трактордың рулін ұстаймын ба, әлде сенің зайыбыңды ұстаймын ба? – деп қипақтады.
– Сүйреткен вагонның іші кең ғой. Соған біз түгілі медбике де сыйып кетеді.
Жігіттің мына сөзіне Абзал тіксініп қалды. Көсіліп, еркін сөй-леуге үйренбегендіктен аузына жөнді сөз келе қоймады. Екі қолын жоғары көтеріп, ербеңдетіп, басын шайқады.
– Вагонда заттар көп пе? – деді Боран тергей сөйлеп.
– Қайдағы заттар дейсің. Іші мүлде бос.
– Ендеше, неге мінгізбеске? Ішіңдегі бізге деген қыжыл әлі басылмаған ба? – деп Боран мұның қытығына тие сөйледі.
– Сен қайдағыны еске салмашы. Техникалық қауіпсіздік рұқсат етпейді.
Абзалды көндіре алмасын білген жігіт зырылдап жүгіріп, жолдың жиегіне қарай кетті. Сәл уақыттасын бір қызды жанына ертіп келді.
– Ағай, анау шанада жатқан әйел Дәмиланың толғағы күшейіп барады. Тезірек қалаға жеткізбесек, мына қақаған аязда далада босанып қалуы мүмкін, – деп әлгі қыз шыр-шыр етті.
Дәмиланың есімі аталғанда Абзалдың жүрегі шымыр етті.
– Дәмиланың әкесі Ырысбайға телефон соқсам да таба алмадым. Қайын атам жағдайымызды естісе, Мырзашөл ауылынан бір көлік тауып, жетіп келетін еді, – деп міңгірледі жүкті әйелдің күйеуі.
– Ырысбай ағайды білемін. Сіз айтқан кісі біздің Мырзашөл ауылында бас экономист, – деді Абзал.
– Ау, жігітім, сен менің әйелім Дәмиланың жерлесісің ғой. Аяқ астынан қысылып тұрғанда бәлденгенің қалай? – деп жолаушы жігіт Абзалға дікің-дікің етті.  Абзал аузын ашар емес. Іштей "Қайтсем екен?" деп қиналды.
– Дәл осындай шарасыз жағдайда қауіпсіздік ережесін бұзуға болар. Тәуекелге бел буыңыз.
 Медбике қыздың айтқаны Абзалдың шымбайына тіптен батып кетті. Толғанып тұрып, "Дәмила үшін белді бекем будым" деп іштей күбірледі. Сосын ат шанаға таяп барып, Дәмиланы күйеуі екеуі қолтықтап, дөңгелекті вагонға мінгізді.
– Мен трактордың арт жақтағы терезесінен әлсін-әлсін қарап отырамын. Егер де, тракторды тоқтату қажет болса, қол шаммен белгі беріңдер, – деді Абзал.
Абзал алып техниканы орнынан ақырындап қозғады. Тракторды тездетіп жүргізсе, вагон шайқалып, Дәмилаға залалы тие ме деп шошыды. Епті жігіт тракторды бабымен жүргізді.
 Он бес шақырымдық қашықтыққа жеткен уақытта арт жағына мойнын бұрып қарап отырған Абзал вагон ішінен қол шамның жанғанын байқады. Тежегішті жайлап басып, тракторды ақырын тоқтатты. "Дәмила қиналып қалмаса жарар еді". Жігіт іштей жүкті әйелдің тілеуін тіледі.
– Ағай, укол салатын инені ұмытып кетіппіз. Сіздің аптечкаңыздан ине табылмас па екен? – деп қиылды медбике қыз. Шапшаң қимылдап, аптечканы тапты да, медбике қызға әкеліп берді.
– Ағай, қандай ұқыпты жансыз. Аптечкаға шприцтарды толтырып қойыпсыз, – деп медбике риза көңілмен.
Қаладағы ауруханаға Абзал тікелей тартты. Жол ережесін бұзса да, ештеңеден қаймықпады. Дәмиланы дәрігерлердің қолына тапсырғасын жылжымалы вагонды тиісті орынға жеткізді.
Төрт сағаттасын ауруханаға қайта оралды. Боран аурухана ауласында теңселіп жүрген-тін. Абзалды көре сала құшақтай алды.
– Бауырым, нағыз азамат екенсің. Келіншегім босанып, ұл туды, – деп лекіте күлді. Абзал жаңа туған нәрестенің бауы берік болуын тіледі.
– Медбике ертең жолаушылар автобусымен келеді. Мені өзіңмен бірге ала кет, деп қиылды нәрес-телі болған жігіт.
Абзал оның көңілін қайтармады.
Боран трактордың кабинасына жайғасқасын сөмкесіндегі тағамдардан Абзалға ұсынды. Өзі де қомағайлана тамақ жеп, ақ арақтың шөлмегінен аузына құя берді. Орта жолдан асқасын Боран араққа қызды. Былдырақтап аузына келгенін лақты.
– Келіншегімнің аман-есен босанғанына шүкір. Антұрған әйелім алжып, ұлымыздың атын "Абзал" қоймақшы. "Мә, қояды Абзалдың есімін" деп Боран оң қолының бармағын саусақтарының арасына шошайтып көрсетті.
Мас адамның былдырағына Абзал мән бермеді. Тракторын жүргізген қалпы былқ етпеді. Сонда да Боран аузын жимады. Әрі-берідесін Абзалдың жағасына жармасты.
– Дәмила сенің алғашқы да, соңғы махаббатың. Мен оны сенен тартып алдым. Жігіт болсаң, мендей бол!
– Әй, батырсымағым, қәне кабинаны босат. Ауылға аман-есен жеттің. Енді үйіңе бар, – деді Абзал.
 Боран аузы көпіріп, балағат сөзден тиылмады. Абзал оның өзіне өшіккеніне көзі жетті.
– Менің жазығым қысылғанда қолұшын бергенім бе? Былжырамай жөніңе кет, – деп Абзал былқ-сылқ еткен Боранды кабинадан суырып алды. Жерде тұрып та Боран көкіп, батырсынды.
– Дәмилаға әлі де ғашықсың. Көрсетемін сүйген, күйгенді.
Абзал мына сөзден кейін шыдай алмады. Мас жігіттің киімінің жағасынан қос қолымен мықтап ұстады да, жол жиегіндегі қалың қардың үстіне алып ұрды. Боран қалың қарға басымен сүңги құлады. Абзал тракторына мінді де ауылына тартып кетті.
Ермекбай ХАСЕНОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓