Достарын еске алды
Жақында Аманкелдіде волейболдан Нұрлыбек Серікұлы мен Саян Ерханұлын еске алуға арналған аймақтық турнир өткізілді. Жарыста алаң иелерімен қатар Арқалық және Жанкелдин ауданынан келген спортшылар бақ сынады.

– Бұл турнир алғаш рет ұйымдастырылып отырса да жоғары деңгейде өтті. Жарысты аудан жастарының өздері ұйымдастырды. Олардың бұл игі бастамасын аудан басшылары да қолдады. Мақсат-жергілікті жастарды бұқаралық спортқа баулу, жасөспірімдердің спортқа деген құлшынысын арттыру, – дейді турнирді ұйымдастырушы Аслан Боранбайұлы.
Бір күн бойы турнир көрігін қыздырған командалардың қай-қайсыда осал шықпады. Дегенмен, спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні бар. Алғаш рет өткізілген мемориалдық турнирдің кубогын алаң иелері еншіледі. Ал, қалған жарыс жүлдегерлеріне қаржылай-заттай сый-сияпат жасалды. Алдағы уақытта бұл игі дәстүр жалғасын таба бермек.
Жарыстан соң турнирді ұйымдастырған 2008 жылғы мектеп түлектері марқұм болған достарына арнап ас берді.
Азамат Нұғыманов,
журналист.