Мектеп екі апта жарықсыз қалған
Бұл ақпаратты Қарабалық ауданындағы Тоғұзақ ауылының тұрғыны WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы таратқан.
"Тоғұзақ ауылында газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көшелердің дені қазылып тасталған. Целинный көшесіндегі мектепке енетін кабельге зақым келген. Мектептің жарықсыз отырғанына екі апта болды!", – дейді әйел. Ол сондай-ақ апаттың салдарымен ешкімнің айналысып жатпағанын айтқан.
Жергілікті "Айна" газетінің тілшілері ақпараттың жалған-шынына көз жеткізу үшін аталмыш ауылдың әкімі Ирина Проскурниковаға байланысқа шыққан. Әкім сөзінше, мұндай апат шынымен де өткен аптада болған. Электр энергиясының мектепте болмағанына аптадан сәл ғана асқан екен. Бірақ сол күні қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Мәселеден мердігер де, аудандық билік те хабардар болған көрінеді. Тек, мердігер үзілген шоғырсымның орнына жаңасын тапсырыс арқылы алғызғанша осынша уақыт өтіп кетіпті.
Аптадан астам уақыт мектептің тіршілігіне аз кедергі келтірмеген. Өйткені, жалпы оқу үрдісі аяқталғанымен, жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта түлектер мемлекеттік аттестацияға дайындалу үстінде.