Ереваннан ЭКСПО-ға
Әлем елдерін велосипедпен аралауға бел буған 39 жастағы саяхатшы Артур Оганян Қостанайға келді. Армениядан Тобыл өңіріне дейін 6000 шақырымды жүріп өткен ол Астанаға баруды көздеп отыр. Артур Ереваннан осы жылдың 11 қаңтар күні шығыпты. Әуелгі сапарын жаяу бастаған саяхатшыға бір кәсіпкер велосипед сыйлаған. Иран, Түркіменстан, Ресейден өтіп, міне, Қазақстанға аялдады. Оған Қостанайдағы «Эребуни» қоғамдық бірлестігі қаржылай көмек көрсетті.



Артур Оганянның қасында «Граф» атты неміс овчаркасы бар. Күшік кезінен асырап, қолға үйреткен иті – әрі серігі, әрі қорғаушысы. Мәселен, жол барысында дүкенге кетіп қалса, екі аяқты көлікке жан жолатпайтын көрінеді. Ал кешқұрым иесін күзетеді.

Саяхатшы Астанадан кейін Ресей қалаларын аралап, сапарын Якутияда жалғастырады. Мұнан соң Қытай асамын деп отыр.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.