Жоспарланған жұмыс көлемі ауқымды
Жылдың жылы маусымы басталысымен Рудныйдың коммуналдық қызметі қызу жұмысқа кірісті. Бүгінде «Рудный жылу желілері» серіктестігінің мамандары Горняков көшесіндегі магистралді құбыр желілерін кешенді жөндеуден өткізіп жатыр. Жылу маусымындағы бұл жаңартулар ауыз су мен жылу беру сапасын жақсартып, келесі қыстың қытымыр аязынан қиындықсыз шығуға мүмкіндік беретін болады.
– Біз жоспарға сай жаңғырту жұмыстарын магистралді желілерден бастадық. Бүгін Горняков көшесіндегі құбырларды ауыстырудамыз. Біздің жұмыскерлер мен мердігер компания бұл міндетті өз уақытында аяқтайтынына сенімдемін, – дейді серіктестіктің бөлім басшысы Любовь Черницкая.
Бұл аумақтағы ауыстырылатын құбырдың жалпы ұзындығы 300 метрді құрайды. Қалған учаскедегі құбыр ауыстыру осы жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады. Мердігерлер тұтынушылардың мүддесін ескеріп осындай стратегияны ұстанып отыр. Яғни жоспарлы жаңғырту кезінде ыстық су тоқтатылмайды.
Апта соңына қарай мердігерлер учаскедегі жұмыстарды аяқтап, Ленин көшесі мен Комсомольский даңғылының қиылысына көшеді. Ол жерде мамандар жолдың астындағы құбырды асфальт төсенішіне нұқсан келтірмей отырып ауыстыру қажет.
Мамандар бұдан бөлек Корчагин көшесіндегі 700 мм-лік және №2 гимназия маңындағы 400 мм-лік магистралді құбыр желілері де күрделі жөндеу көретіндігін айтады. Қазанның 40 жылдығы мен Дзержинский көшелерінің қиылысындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін кезек ішкі кварталдық желілерге келеді.
«Рудный жылу желілері» ЖШС барлық жаңартуларды жүзеге асыруға 100 миллион теңге бағыттаған. Қосымша 40 миллион теңге инвестициялық бағдарлама шеңберінде бөлінбек. Осылайша коммуналдық қызмет мамандары жаздың соңына дейін жаңа жылу маусымына сақадай сай тұруды көздеп отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ