Дәуреннің дәурені жүріп тұр
Бұрын басыбайлы жұмысы болмаған сарыкөлдік Дәурен Сапаров, 2013 жылы ауданда тұңғыш такси тұрағын ашып, тұрақты табыс көзін тапты. Бүгінде бұл кәсібін кеңейтіп, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр.
Халыққа жедел әрі ыңғайлы қызмет көрсетіп жүрген такси тұрағының ашылғанына қаңтардың 12-де туп-тура екі жыл толады. Алғашқы кезде «Империал» таксиінде небары 3-ақ машина болса, бүгінде олардың саны 20-ға жеткен. Яғни, бұл дегеніміз, 20 адам тұрақты тер төгіп жүр деген сөз. Клиенттеріне тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, өз кәсібін кеңейтуді көздеген такси қызметінің басшысы «табыс кілті – еңбекте» екенін жақсы біледі.
-2012 жылы жұмыс іздеп, қалаға кеткенді жөн көрдім, бірақ, үй мәселесі аяғыма тұсау болды. Ойлана келе, өзімді еркін сезінетін бір кәсіп көзімен айналысуға бел байлап, ауданда такси тұрағын неге ашпасқа деген ойды жүзеге асыруды жөн деп таптым. Бірақ, бұл үшін біраз қаржы жұмсауыма тура келді, – деп өткенді бір еске түсірді дәурені жүріп тұрған Дәурендей кәсіпкер.
Оның айтуынша, қазір аса қиындықтар артта қалған, кадрлар мәселесі де оң шешілген. Мұндағы жүргізушілердің бәрі медицина қызметкерінен тексерістен өтіп тұрады. Жалақылары жақсылап есептейтін бас есепшісі де бар.
Мәселен, тұрақтың алғашқы күнінде диспетчер болып өз жұмысын бастаған Лада Глытова бүгінде өз ісінің білікті маманы, білгендерін басқаларға үйретуде.
Жалпы, такси қызметі тапсырыссыз қалған емес. Тіпті,олар аз уақыт ішінде тапсырыс берушілерін Қазақстанның түкріп-түкпіріне тасымалдап жүр. Ал такси тұрағын тізгіндеген Дәурен Сапаров темірдің жілігін шаққан тәжірибелі жүргізуші. Бұл салада еңбек өтілі – 25 жыл. Өзі дөңгелетіп жатқан кәсібіне дән разы, жұмыскерлеріне де көңілі толады.
«Бәрін айт та, бірін айт» – демекші, «Империал» такси тұрағы аудан тұрғындарына қамқорлық жасау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Айталық, 12-қаңтар күні өз клиенттерін Сарыкөл ішінде алты сағат тегін тасымалдамақшы.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы