Қайырымдылық – қайтарымы бар іс
Қайырымдылық – адамзаттың ең асыл қасиеті болса керек. Әлемді ұстап тұрған да сол. Осы ретте, Қостанай облысы меценаттарының өз жерлестеріне әрдайым көмек қолын созып отыратынын айта кеткен жөн. Қазақ халқы «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Мәселен, Тобыл-Торғай жыл сайын өңірі өнер мен әдебиетте, ғылым мен білімде айрықша жетістікке жеткен жандарды қошеметтеп, қаржылай қолдап отырады. Жергілікті меценаттар тағайындаған «Шабыт» және «Қазына» сыйлығы еліміздегі жалғыз жоба екенін ескерсек, қостанайлық жомарт жандар мүмкіндігі шектеулі немесе ауыр сырқатқа шалдыққандарға да әманда демеу беріп келеді.Осындай қайырымды азаматтар кейде өздерінің жақсы амалдарын жасырып қалғысы келетіні бар. Бірақ, қоғам бейбіт күннің батырларын білуі керек. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Қостанай облысында алғаш рет «Меценаттар және қайырымдылық жасаушылар» форумы өтті. Іс-шара мақсаты – әрдайым көмекке әзір кәсіпкерлер мен осы бағыттағы үздік жобаларды марапаттау.Аталмыш шараға Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов қатысты. Сайлаубек Ерғазыұлы форумның маңыздылығы мен келешегіне тоқталып өтті.-Тәуелсіз Қазақстан – ғажап ел. Мұнда жүзден астам ұлт пен ұлыс, 17 конфессия тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұған бүкіл әлем куә. Біз бірге әсем қалалар мен ауылдар тұрғызып жатырмыз. Туған жеріміздің дәмінен татып, болашаққа бағдар алып келеміз. Қазақстандықтардың ортақ құндылығы мен мүддесі бар. Ол – әр адамның амандығы. Сол себепті, біз осы форумға жиналып отырмыз. Бұл бастама болашақта қанат жаятынына сөзсіз сенімдімін. Біз әрқашан бүгінгі күннің батырларын ұлықтап, жомарттықты үлгі етуіміз керек,-деді ол.Ел халқының тұтастығы – Қазақстан халқы Ассамблеясының жемесі. Бүгіндері олар «Мейірім керуені», «Тайқазан», «20 қайырымды іс», «Қамқор», «Шын жүректен» және «Ақ орамал» сынды игілікті жобалар ұйымдастырып үлгерід. Сондай-ақ, ең ірі «Мәңгілік Ел» және «Тәуелсіз Қазақстан пойызын» атап өткен жөн. Мәселен, олар тек өткен жыл ішінде шамамен елуге жуық елді мекенді аралап, 75 мыңнан астам адамға 99 млн теңге көлемінде қайырымдылық, медициналық, әлеуметтік көмек көрсеткен.
Қостанай өңіріне белгілі көпбалалы, сондай-ақ көпұлтты Төлегеновтар отбасы былтыр жаңа, кең баспанаға қол жеткізген еді. Жалпы аумағы 340 шаршы метр болатын жеке үйді салуға көмектескен «БК-Строй» құрылыс компаниясы болатын. Бүгінгі формуда компания басшысы Игорь Ким алғашқы болып Қостанай облысы әкімінің құттықтауына ие болды. Сонымен қатар, қайғылы жағдайға душар болған Базаровтар әулетінің үйін қалпына келтіруге қаржы жинауға көмектескен Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенттері мен бастамашы Лилия Саркисянға да құрмет көрсетілді.
Форумда басқа да азды-көпті қолдау білдірген қайырымды жандарға және жоба жетекшілеріне алғыс хаттар берілді. Бұл шара келер жылы да өз жалғасын таппақ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.