Рақым айы – Рамазан
Арқалық қаласындағы Мухтасиб Әлмұхаммед мешітінің жамағаты жыл санап артып келеді. Биылғы Рамазан айы басталысымен хақ дінге бет бұрушылар одан сайын еселенгендей. Мәселен, қасиетті ай қарсаңындағы ауызашар мен тарауих намаздарына келушілердің көбеюі көңіл қуантады.
Жиналған жамағатты мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Ораза мен тарауих намазы жайлы мағұлмат беріп, уағыз айтты.Сонымен қатар, ай бойы мешіт жамағатын қасиетті Құран аяттарына ұйытып, тарауих намаздарына имамдық ететін сонау Түркия елінен келген қаримен таныстырды. Ол – Ыстамбул қаласынан келген, 30 жастағы Муса Авджы бауырымыз.
Сондай-ақ, мұсылман қауымды қала әкімі Амантай Балғарин да берекелі Рамазан айымен құттықтап, әрбір отбасына ырыс-береке және молшылық тіледі.Үстіміздегі жылғы Рамазанның алғашқы күнгі ауыз ашар рәсімін де қала басшысы Амантай Кәкімбекұлы бастаған әкімдік қызметкерлері ұйымдастырды.Сансыз сауапқа кенелтуші Рамазанның екінші күнгі ауыз ашарын бас имам бастаған мешіт қызметкерлері жасады.
Мешітте ауыз аштыру да жылма-жыл үрдіске айналған. Мешіт жанынан арнайы шатыр құрылып 150-160 адамға ауыз ашар дастарханы жайылуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі