Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 100 жыл
Қостанайда Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Ғалымдар шақырады» атты жобасымен танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Биыл қазақ әдебиетіндегі абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мұхтартанушы, Шәкәрім шығармаларын алғаш насихаттаушы, әрі жарыққа шығарушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толды. Қайым Мұхамедханов – Семейдегі Абай мұражайын ұйымдастырушы. Сондай-ақ, Қазақ ССР Гимінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және «Абай» академиясының алтын медалінің иегері. 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы.
Осы орайда, ғалымның шәкірті, филология ғылымдарының кандидаты, есімі өңірімізге кеңінен танымал Кенжегүл Есіркепова қоғам қайраткерінің ғибратқа толы шығармалары мен өмір жолы туралы студенттерге сыр шертті. Қ.Мұхамедхановтың Алаш жұрты мен зиялылары үшін еткен ерен еңбегі мен адалдығы баяндалды. Ғалым зұлмат замандағы солақай саясаттың қорлығына төтеп беріп, қазақ әдебиетіне деген құрметін жоғары қойған. Абақтыға тоғытылып, суық камерадағы азапты күндері тағылымды басқосуға келген жастарды тебірентпей қоймады.
-Қазір ғаламторда, әлеуметтік желілерде әдебиетсүйгіш, патриот жандар көп. Түрлі ой айтып, бүгінгі әдебиеттің ақсап тұрғанын тілге тиек етіп отырады. Билікті сынайды. Оқырман жоқ деп кінәлайды. Бейбіт заманда не айтса да, әркімнің өз еркі. Алайда, бұрынғы кездердегідей қысым көрсетіп, жазушы, ақындарымызды қара тізімге іліп, ату жазасына кессе, соңына дейін қасқайып тұрар біреу де жоқ қазір. Шын жанашырлар болмай тұр. Екі сөйлемнің басын қосып, ақынмын дейтіндер қаншама,-дейді Кенжегүл Есіркепова.
Ғалымның көзін көрген Кенжегүл апамыз ЖОО-да Қайым Мұхамедханов туралы дәрістерді жиі оқуға шақырады. Мұхтар Әуезовпен қатар жүретін есімнің ұлықталуы заңды.
Кенже Қонысбай.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.